Астанада британдық Cardiff University филиалының ашылу салтанаты өтті

26 мамыр, 2025 / Дана Ізтілеуова

400-ден астам адам Cardiff University-дің Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз кампусының ашылуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. 

Cardiff University — Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі, беделді Russell Group қауымдастығының мүшесі. Университет халықаралық рейтингтерде үнемі жоғары орындарда тұр:

• QS World University Rankings 2025 — 186-орын
• Times Higher Education 2024 — 190-орын

Cardiff University бизнес-әкімшілік саласы бойынша әлемнің үздік 50 университетінің қатарына енеді. Сондай-ақ білім беру, инженерия және геология бағыттары бойынша да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Іс-шара кезінде университеттің академиялық бағдарламаларымен және халықаралық білім алу мүмкіндіктері таныстырылды, сонымен қатар қонақтар Cardiff University өкілдерімен кездесіп, тікелей сұрақтар қойды. Одан бөлек, қыздар мен ұлдарға арналған жатақханаға экскурсия ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатынна ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич, BI Group Holding директорлар кеңесінің мүшесі Асхат Омаров, кәсіпкер және меценат Жұмабек Жанықұлов, Cardiff University-дің бас операциялық директоры Пола Сандерсон, Cardiff University проректоры Гэвин Шаддик, Cardiff University Бизнес мектебінің вице-деканы Питер Уэлл, Cardiff University Халықаралық әріптестік жөніндегі директоры Энн Морган мен Cardiff University-дің өңірлік менеджері Дэвид Эванс қатысты.

Cardiff University кампусының Астанада ашылуы — Қазақстанның жоғары білім саласындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Бұл еліміздің студенттеріне шетелге шықпай-ақ, әлемдік деңгейдегі білім алуға бірегей мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Cardiff University