Жеті мәрте рекордсмен, ақтаудлық спортшы Ильдар Ягьяев Гиннес рекордтар кітабының 2026 жылғы баспа нұсқасына ресми түрде енді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Ильдардың 16 жылдық еңбегі сегіз Гиннес рекорды, жүз мың рет тартылу, жаралы алақандарынан кейін дүниежүзіне тарайтын 2026 жылғы Гиннес кітабының баспа беттерінде жарық көрмек.
«Лондон марафонында шынайы әсер қалдырдым. Адамдар менімен суретке түсіп, өміріме қызығушылық танытты. Марафон ұйымдастырушылары маған сыйлық табыстап, Гиннес кітабының редакторлары мені 2026 жылғы кітаптың жабық таныстырылымына шақырды. Кітап жарық көрмей тұрып, оны алғаш көргендердің бірі болдым. Бас редактор Крэг Глендэй жеке келіп, менің рекордым жазылған бетті көрсетті де: «Мен қазақтармен бұрын-соңды кездеспегенмін, сенің төзімділігің мен табандылығыңа таңғалдым», – деді. Біреу бұл – сәттілік дер. Бірақ бұл – табандылық, дұрыс стратегия және мүмкін еместі мүмкін етуге деген ұмтылыс», – деді спортшы.
Ильдар Ягьяев өзін Гиннес рекордтар кітабының баспа нұсқасына енген алғашқы қазақ екенін атап өтті. Бұл кітап әлем бойынша миллиондаған данамен таралады.
«Ешқандай дайындықсыз бір ай ішінде әлемнің екі беделді марафонын жүгіріп өттім. Жеті мәрте Гиннес рекордсмені атандым. Жеті жыл қатарынан әлем чемпионы болдым. "Бургер Кинг" пен KFC секілді халықаралық брендтерді басқардым. Федерация президенті болдым. Грэпплинг пен джиу-джитсудан Ұлыбритания чемпионы атандым. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы болдым, туған қалама спорт алаңын сыйға тарттым. Мұның бәрі жай кездейсоқтық емес. Бұл – табандылық, тәртіп, көзқарас пен нақты әрекет. Ендігі мақсат – алғашқы миллионымды табу. Бұл тек ақша үшін емес. Бұл – дәлел. Чемпионның ойлау жүйесі тек спортта емес, бизнесте де тиімді екенін дәлелдеу. Жеңіл жол күтпеңіз. Бірақ біліп жүріңіз – дұрыс тәсілмен мүмкін еместің өзі мүмкін болады. Бір айдан соң 30 жасқа толамын. Forbes Kazakhstan журналының тізіміне енуге үлгергім келеді», – деп бөлісті Ильдар Ягьяев.