Алматылық келіншек сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірді өз атына тіркеген

26 мамыр, 2025 / Алуа Арман
polisia.kz

Алматыда интернет-алаяқтыққа арналған SIM-карталарды белсендіру схемасы әшкереленді, - деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қаласының полицейлері интернет-алаяқтықпен байланысты жасырын сызбаны анықтап, оның жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды үшінші тұлғаларға тапсыру үшін пайдаланылған SIM-карталар мен мобильді құрылғыларды жаппай сатып алған әйелді ұстады.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, бұл схемалар алаяқтардың анонимді әрекет етуіне мүмкіндік берген. Олар өзін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған.

Ұсталған әйел "жеңіл табыс" туралы хабарламаға жауап беріп, сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірлерді өз атына рәсімдегенін мойындады. Дәл осы нөмірлер арқылы бірнеше қылмыстық істерге қатысы бар қоңыраулар жасалғаны анықталды.

- SIM-карталар, пошталар, банк және мессенджер аккаунттарымен байланысты кез келген "үйден жұмыс" ұсынатын хабарламалар – бұл жоғары қауіптілік белгісі. Адам мұндай әрекеттер арқылы өз еркінен тыс қылмыстық әрекетке араласып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарап, артында қандай мақсат тұрғанын терең ойлаған жөн, – деді Алматы қалалық ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Тэгтер:

Алаяқ нөмір