Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан – Республикалық репродуктивті денсаулық апталығын қорытындылады.
12–16 мамыр аралығында өткен бұл науқан Мемлекет басшысы жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылды.
"Биылғы ақпараттық апталық аясында отбасын жоспарлау, ерлер мен әйелдер денсаулығы, адам папилломасы вирусының және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу сынды маңызды тақырыптарға ерекше көңіл бөлінді.
Апталық барысында 20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 500 мың адамды қамтыды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Әлеуметтік желілерде апталық хэштегтерімен 360 мыңға жуық жазба жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 1,5 мыңнан астам материал жарық көрді. Сонымен қатар 78 мыңнан астам тегін кеңес беріліп, 8 мыңнан аса ЖЖБИ/АИТВ бойынша тестілеу жүргізілді.
Бұл нәтижелер — Ұлттық комиссия мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтардың бірлескен қажырлы еңбегінің арқасы", — дейді Министр.
Аида Балаева өз сөзінде науқанға белсенді атсалысқан Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің мамандарына, сондай-ақ БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНЕСКО сияқты халықаралық серіктестерімізге және отандық үкіметтік емес ұйымдарға — КАРМ, Saulyq LIFE, YPEER, Ұлттық волонтерлік желі мен басқа да серіктестерге алғысын білдірді.
"Біз ортақ мақсат — келешек ұрпақтың саулығы үшін тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл үлгісін көрсете алдық.
Тағы да баршаңызға үлкен рақмет!
Ұлттық комиссия репродуктивті денсаулық мәдениетін дамыту ісін басты назарда ұстап келеді және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасады. Себебі тек ақпараттандырылған, денсаулық мәселелері жайлы ашық сөйлесе алатын әрі саналы шешім қабылдайтын қоғам ғана дені сау ұрпақты тәрбиелей алады", — дейді А.Балаева.