Шымкент студенттері ауыл шаруашылығы өнімдерін жинайтын робот құрастырды, деп хабарлайды turkystan.kz 24KZ-ке сілтеме жасап.
Жасанды интеллектіге негізделген ақылды құлтемір картоп, пияз, алма сияқты көкөністер мен жемістерді ажыратып, бір жерден екінші жерге тасымалдайды.
Өнертапқыш жастар оның бағдарламалық мүмкіндігін жетілдіріп, егістікке шығаруға ниетті. Келешекте шаруаларға арналған көмекші робот аграрлық саланың технологиялық дамуына серпін әкеледі деп сенеді.
Робототехникалық жоба WorldSkills байқауының қалалық кезеңінде үздік деп танылды.
"Жалпы робототехниканы қалай құрастыру керек? Механизмі қалай? Принциптері қалай? Соның барлығын олар біліп келіп жатыр. Қазіргі уақытта роботтарымыз өндірістік роботтар болып келеді. Оларды жақсы бағдарламалап, жақсы құрастыра біледі. Мектептен базасын біліп келгеннен кейін бұл жерде дамыту ісін қолға алдық", - дейді жоба жетекшісі Сәбит Тұмашбаев.