Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова жақында “Халық әртісі” атағын алған өнер иелеріне бағытталған сынға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Продюсер әлеуметтік желіде қазіргі шоу-бизнес талаптары мен өзгерген трендтер туралы ой қозғады. Оның сөзінен белгілі болғандай, сынның бір бөлігі 39 жастағы әнші Алишер Каримовке бағытталған болуы мүмкін. Ол жуырда Ақордада өткен шарада “Қазақстанның халық әртісі” атағын алған еді.
Алагөзова көпшілікті ескі көзқарастан арылып, жаңа заман талабына бейімделуге шақырды.
– Кеңес кезінен қалған бір түсінік бар – 20 жыл еңбек ет, сосын ғана атақ алуға лайық боласың. Ал қазір мүлде басқа уақыт. Бүгінгі күні әртіс үнемі ізденісте болуы тиіс. Бір әнмен шектелу жеткіліксіз, себебі ол үш айдан кейін ескіріп қалады. Сол себепті үнемі жаңарып, сахнада белсенді болу қажет. Қазір – жас әрі жылдам бейімделетін өнерпаздардың уақыты. Мұны мойындау керек. Әрине, бұл қарқынға ілесу бәріне бірдей оңай емес. Бірақ соның ішінде уақытпен бірге адымдап, өзекті бола білетіндер бар, – деді продюсер.