Шымкентте көшеде өтіп бара жатқан жасөспірімге садақ оғы тиген (ВИДЕО)

25 мамыр, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Қаланың орталық стадионында болған оқыс оқиға салдарынан кәмелетке толмаған бала жарақат алды, деп жазады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға мүгедектігі бар адамдарға арналған садақ ату секциясының жаттығу кезінде болған. Жебелердің бірі траекториясынан ауытқып, жаттығу алаңынан шығып кеткен. Сол сәтте стадион маңынан өтіп бара жатқан жасөспірімге жебе тиген.

– Орталық стадион аумағындағы аталған секцияда садақпен ату кезінде бір жебе бағытынан тайып, алаң сыртына ұшып кеткен. Нәтижесінде ол стадион жанына өтіп бара жатқан балаға тиген, - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева. 

Жарақат алған бала дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін, өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның нақты себептерін анықтауға кірісті.