Ауылға тіл тигіздірмеген абзал жан
Ауылға тіл тигіздірмеген абзал жан
Алматыға тағы да көктем келді! Жаймашуақ көгілдір көктеммен қатар Жер-Ананың қысқы тоннан арылып, бусанатын шағы Аналар мерекесімен, одан әз-Наурыздың келуімен тіпті көріктеніп, көңілге керім сезім сыйлағаны тағы бар.
Осындай шат-шадыман көңілмен іздеген мекен-жайымызды лезде тауып алдық. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны қаламыздағы қазақтың батыр ұлы Амангелді атындағы көшесінің бойында орналасқан. Біздің кейіпкеріміз – Айторы Әбдіраманқызы осы мекеменің бел қызметкері.
Осы бір кісіні көрген сайын қажымас қайраттылығы, өжеттігі мен өткірлігіне таң қалатынмын. Таң қаламын да, егер жастық шағы тұспа-тұс келген болса, мына болмысымен міндетті түрде Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қызына айналары сөзсіз еді деп ойлаймын. Әлбетте, солай болар еді!
Бүгінде жетпістің бел ортасына келсе де, қоғамнан алшақтамай, туған халқының денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, керек жерінде ақыл-кеңесін беріп, кәсіби мамандығынан алыстай алмай жүргені де табандылығының арқасы.
Қазақ қызы, қазақ әйелінің болмыс-бітімі, шыдамдылығы мен төзімділігі, кез келген тірлікті ұршықша үйіріп әкететін пысықтық-жинақылығы кім-кімге болса да үлгі етуге тұрарлық. Әйел-ана, әйел-әже міндетін де атқарып, ер-азаматының да бабын тауып, егде жасына қарамай көлікті де зулатып немерелерінің қажетіне жарап, аттан түспеуі де әлдебіреулерге қызық әрі таңсық. Сонымен...
Әңгіме кез келген алматылықтар сынды Айторы Әбдіраманқызымен де әсем қаламызға қалай, қашан келгенінен басталды.
– Иә, иісі қазақ түгілі басқа ұлт өкілдері де қызыға, қызғана қарайтын Алматыны, шыңдары көк тіреген қарлы Алатауды бір көруге ынтық едім. Өз тұстастарым секілді мен де арман қуып, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің ордасы – Алматыға қасиетті Жамбыл облысы, Талас ауданының Өрнек ауылынан оқу-білім іздеп, сонау 1960 жылы келдім. Ата-анам шаруа баққан қарапайым ғана кісілер. Тұңғыш ұлынан кейінгі үш қыздың кенжесі болдым. Әпкелерім ертерек тұрмысқа шығып кетті де, орта мектептен ары аспады. Ал дәрігер болсам деген арман менің бала қиялымнан кетпейтін. Үнемі ақ халатты бейнемді ойша көріп, мәз-мәйрам болатынмын. Өте алғыр, пысық болдым. Айтқанымнан қайтпайтын қайсарлығым тағы бар. Осы өжеттігіме орай әке-шешем де жолымды кеспей, ары қарай оқуымды қалап тұрды. Сөйтіп, орта мектепті алтын белгімен бітіріп, Алматы медицина институтына түсу арман болды. Емдеу факультетіне құжаттар тапсыру ертерек бітіп кетіпті де, қабылдау комиссиясының бастығы: «Биыл медалистер көп болды, бала саны толып қалды, жаңадан ашылған факультет бар, сіздер соған тапсырыңыздар» деп кеңес берді. Ауылдан келген ашықауыз балапандармыз ғой, ол факультетті түсініп те жатқан жоқпыз, сонда да әйтеуір институт, оның үстіне әйгілі мединститут қой деп ойлап, келістік. Солай ашылғанына екі-ақ жыл болған стоматология факуьтетіне түстім. Химия, физика, биология мен орыс тілінен қабылдау емтиханды 5-ке тапсырдым.
Бірақ ары қарай оқу өте-мөте қиынға соқты. Барлық оқулықтар орыс тілінде, сабақ орыс тілінде, лекцияларды жазып үлгере алмаймыз. Қанша дегенмен, қазақи ауылдағы қазақ мектебін бітіргенбіз. Ауылда да орыс мектебі болды, әрине, бірақ ауылдың орыс мектебі қаладағы қазақ мектебі секілді емес пе?! Мұнда үзілісте балалардың орысша сөйлейтіні сияқты, онда керісінше қазақша сөйлейді ғой. Сондықтан да физика, биология орыс тілінде болды, ондағы неше түрлі терминдер, формулалардың орысша атауларын оқу да, жаттау да қиынға соқты. Сонымен студенттердің күзгі ауыл шаруашылығы жұмысынан келіп, сабақ та басталды. Қалада бітірген балалардың оқу үлгерімі басқаша, біз болсақ ілініп-салынып, ілбіп бастадық. Биологиядан беретін татар қызы оқытушымыз болды, аты-жөнін ұмытып қалдым, ауылдан келген балалардың оқу-білімі нашар, үлгере алмайды дегендей арызбен деканатқа барса керек, содан декан студенттерді жинап, үлкен жиналыс өткізді. Орыс тіліне жүйрік болмасақ та, берісер емеспіз. Ауылда орыс ұлты атауымен жоқ екенін, орыстілділерге арналған мектептің аты ғана орыс мектебі екенін, ал қабылдау емтиханын жақсы бағаға тапсырғанымызды айтып шулап кетсек керек, орысша жақсы білетін студенттерге бір-бір студенттен бөліп беріп, сабақты бірге дайындауға міндеттеді. Ол кезде жатақхананың бір бөлмесінде 7-8 қыздан жатамыз. Түнімен отырып сабақ оқимыз. Биологияға анатомия қосылды. Осылай-осылай 3 деген бағаға жеттік. Оның өзін жетістік деп қуандық. Бірақ бірінші жарты жылдықта, қысқы сессияны жақсы бағамен жаптық. Ауылға тіл тигізбейміз, ауылдан келген дегізбейміз деп өзімізді-өзіміз қамшылап жүріп, жақсы оқитын үздіктер қатарына іліктік. Әрине, қаншама күндер мен түндер ұйқысыз өтті. Қаланың қызығы, даланың қызығы дегенді білмедік. Оқу керек болды. Қатарымыздан қалғымыз келмеді. Ауылға хат жазамын, үлкен ағатайыма: «Аға, балаларды орыс мектебіне оқытыңыз, мен қатты қиналып жүрмін» деп мұңымды шағамын.
– «Қаланың қызығы, даланың қызығы дегенді білмедік» дейсіз. Өсіріп айтып отырған шығарсыз, әйтпесе ағамен қалай танысып жүрсіз?
– Ол көрші ауылдың баласы ғой, бұрыннан білетінмін. Біздің ауылда әпке-жездесі тұрды да, сол үйге жиі келіп тұратын. Кейін ол ұлттық университетке түсіп, оқып жатты. Студенттер бас қосқан жиындарда кездесіп қалып жүрдік. Жатақханамыз да жақын болды. Емін-еркін кіріп-шығып жүре беретін-ді. Бір жыл академиялық демалыс алды да, менен бір жыл кеш бітірді. Өзім 1965 жылы оқу бітіріп, Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында алғаш еңбек жолымды бастадым. Жас маман ретінде екі бөлмелі үй берді. Үйленіп алғанбыз, аяғым ауыр, ағаларың болса, студент. Екеуміз екі жақта тұрып жаттық. Апта сайын, мереке сайын келіп тұрды. Қолымда қайынсіңлім бар. Оныншы класты сол жерден бітірді де, оқуын ары қарай жалғастыруы керек болған соң бір жылдан кейін Алматыға қайттық. Ол кезде дипломды жіберген жақта екі жыл жұмыс істеп келген соң ғана қолымызға беретін-ді.
Қалаға келіп, министрлікке бардым. «Күйеуім студент, баламен жалғыз өзім ол жақта тұра алмаймын, ыңғайы келсе, қалаға орналасайын» деген өтініш жасадым. Емхана-ауруханаларда бос орын жоқ. Барлық жерде ресейлік мамандар орнығып алған. Әсіресе, тіс дәрігері факультеті ашылғанына екінші жыл ғана, сондықтан көбі сырттан келген мамандар. Алматы облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Әбдіхалық Тұржанов деген азаматқа барып жолықтым. Қолымда кішкентайым. Жағдайымды айтып едім, «Облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып жолық, жоқ деп жатса өзіме қайтып кел», – деді. Сөйтіп 1966 жылы осы облыстық ауруханаға дәрігер әрі тіс дәрігері болып бір жарым айлықпен жұмысқа орналастым. Пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрген соң, Айгүлді енем ауылға алып кетті. Бірақ көп ұзамай, қазіргі облыстық аурухана орналасқан Демченко көшесінің бойынан дәрігерлерге арнап екі қабатты үйлер салына бастады. Сол үйден үш бөлмелі пәтер алдық. Қыздарымыз өмірге келді. Енем марқұм қолымда болды. Үй мен жұмыстың арасына екі-үш-ақ минутта жетемін. Жап-жақын. Бұл бір жағынан балалардың, енемнің ас-суын әзірлеп, дайындауға, анау-мынау тірлігімді де жасап тастауға өте ыңғайлы болды. Ең тәуірі, қаланың ана басынан мына басына балаларды балабақшаға да сүйреген жоқпын, таң атпай оятып-жылату деген де болмады. Ұйқылары қанық, тамақтары тоқ. Жаспыз, жұмысымызды жан-тәнімізбен орындаймыз. Бәріне үлгеріп жүретінбіз. Сөйтіп жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз.
Облыстық аурухананың әдістемелік-ұйымдастырушы бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, зейнеткерлікке жеттім ғой. Оның үстіне, төрт баламен зейнеткерлікке 52 жастан шығуға болатын болды да, құжаттарымды әзірлеп,1992 жылы демалысқа шығып алдым. Шыққанымды қайтейін, 93 жылы ақша ауысты да, біздің зейнетақымыз құны жоқ, көк тиын болып қалды. Бар болғаны 200, әлде 300 теңге алатынбыз. Қыздар бірінен кейін бірі өсіп, бойжетіп, алды тұрмыс құра бастады. Жұмыссыз отыруға болмайды деген оймен, қызметтен кетпей қойдым. Алматы облысындағы облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, тіпті елді мекендердің бәрінің, анау фельдшерлік пункттен бастап аурухана-емханалардың есебі менің қолымнан өтеді. Желтоқсан айынан бастап ақпанның соңына дейін бір күн демалмай, сенбі-жексенбі дегенді ұмытып, денсаулық сақтау мекемелеріндегі ем-домнан бастап, медициналық-шаруашылық жұмыстарына дейін не істеп, не қойғанына есеп жүргізіп, қорытындылаймыз. Бір цифр қате болмауы керек, онсыз министрлік қабылдамайды. Басқа саланы қайдам, медицина саласында шалыс басуға ешқашан болмайды. Оны дәрігер ретінде де, статист-дәрігер ретінде де толық түсініп, қабылдайтындай тәжірибем жетеді. Оның арасында Мәскеу, Киев, Ленинград қалаларына дәрігер-статист ретінде білім жетілдіру курстарына барып, тәжірибе жинақтап, оқып та келдім. Өйткені біздің елімізде статист-дәрігер деген түсінік жоқтың қасы еді, сондықтан да осы жағына қарай ауысып, білімімді жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында басқа мемлекеттерге барып, әдістемелік-тәжірибе алмасуға тура келді.
– Қазіргі қызметіңізге байланысты толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Дәрігер-статист дегенді жалпы түсінгеніміз болмаса, көпшілігіміз ұғына алмауымыз мүмкін?
– Өзі де соған қарай келе жатырмыз. Жаңа айтып өткенімдей, дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында тағы да білімімді толықтыру мақсатында оқуға тура келді. Әрине, бұл кез отбасы мүшелерінің де басы көбейген шақ. Дегенмен, оқимын, ізденемін дегеніме отағасы тарапынан қарсылық бола қоймады. Балалардың жағдайына қара, үйде отыр десе де көнер едім, бірақ өзі де ғылым мен білім ордасында қызметте жүргендігі болар, бұл ретте түсіністікпен қарады. Сөйтіп, облыстық ауруханадан зейнеткерлікке шықсам да, осы мамандығымның арқасында әлі қатардан қалмай, қызмет жасап жүрген жайым бар.
Бұл – республикамыздағы наркодиспансер, психодиспансер, тері-венералдық диспансерлердің, сонымен қатар клиникалардың жыл бойғы емделушілерінің есебін жүргізіп отыратын мекеме. Аты айтып тұрғандай, Алматы қаласындағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығы. Ұйымдастыру бөлімінде әдіскер-дәрігер болып, 2000 жылдан бері қызмет етіп келемін. Құлаққа жай естілгенімен, жауапкершілігі өте жоғары, аса сауаттылықты қажет ететін статист-дәрігер осы салада, медицина саласында, әрине, некен-саяқ. Жыл бойғы емдеуші дәрігерлердің жұмысын қадағалап отырып, ондағы емделушілердің қаншалықты дәрі-дәрмектің көмегімен аяғынан тұрып, сауығып кеткені, олардың салауатты қоғамға қаншалықты қажеттігі, әдеттегі адамдар сынды пайдасы тиіп жүргені, не болмаса әлі де ем-дом шараларын қабылдауы керек пе, жоқ па, осының бәрінің зерттеліп-зерделеніп отыруы, міне, біздің міндетіміз. Әр жыл сайын, жылдың басында Астанаға барып, барлық облыстардың денсаулық сақтау министрлігіне есеп беруін тыңдап, жұмыстарын қорытындылап, тексеріп қабылдап аламыз. Сол жұмыстардың бәрін жинақтап, кітапша етіп шығарамыз да, ол еліміздегі медицина институттарының оқу-әдістемелік бағдарламасына енгізіледі, студенттерге оқулық ретінде де лекцияларда пайдаға асып жатады.
– Бүгінде қоғамның жанды жарасына айналған нашақорлық пен маскүнемдікке шалдыққандар арасында біздің ұлттың өкілдері көп пе?
– Бұл жерде олардың жалпы сандық көрсеткіші есептелінетін болғандықтан, қай ұлттың өкілдері басым екенін дәл айту қиын. Емделушінің ұлтына, жас ерекшеліктеріне де қарамай, ақ халаттылар алысып жүрген еңбектерінің нәтижесі ғана тіркелетіндіктен, ол орыс па, жоқ қазақ, әлде ұйғыр халқының өкілдері ме, анықтама берілмейді. Бірақ, әрине, біздің халықтың өкілдері жоқ деуге болмас.
– Дегенмен, ерлермен салыстырмалы түрде қарағанда әйелдердің де арасынан осы бір дертке шалдыққандар көбейген сынды...
– Иә, кез келген жағдайда ер-азаматтарға қарағанда әйелдердің әлсіздігі сезіліп қалатыны белгілі. Нәзік жандылар маскүнемдікке не болмаса нашақорлық сынды сырқаттар алдында да әлсіздік танытып жататыны, сосын олардың ерлерге қарағанда емделуі де қиынға соғатынын бүгінгі медицина да мойындап отыр. Олар табиғатынан нәзік, сезімге берілгіш, көңілшектік қасиеттеріне байланысты болар, бұл жолға тез түсіп кететіні де баршамызға аян дерт. Дегенмен, бойдағы дертті жеңу үшін ең алдымен, көп нәрсе сырқат жанның өзіне байланысты. Егер оның жігері, қажыр-қайраты, санасы, өресі таза тазару жолына қызмет жасаса, әрине, қандай ауру болса да беті бері қайтатыны сөзсіз.
– Ол кездегі медицина мен қазіргі медицинаны салыстырғанда қандай ой түюге болады? Ақылы оқу мен оқу мерзімінің ұзартылуынан не ұтып, не ұтыламыз?
– Қазіргі студенттер бақытты ғой. Орыс, қазақ бөлімдері бар. Біздің кездегідей оқулықтардың бәрі орыс тілінде, қазақ мектебін бітіргендер күн демей, түн демей кітапхана залдарынан шықпай оқып, аударып, оны лекция сынды көшіріп жазып әуре болып жатқан жоқ. Бұл жағынан бүгінгі студенттердің, әрине, ауылдан келген өзіміз сияқты балалардың бағы бар. Дегенмен, ақылы бөлімдерде оқитындардың білім деңгейі қарын аштыратыны бар. Көңіл көншітпейді. Себебі белгілі, оқу ақысы төленген, қалай болса солай сессияны жапса болды, әйтеуір қатардан қалмау керек. Ол оқу үлгерімі нашар болған күнде де оқудан шығып қалмайтынын ойлайды да, еркіндікке бой алдырады. Соған қарап, біздің кезіміздегі жауапкершілік, талап дегенді қатайту қажеттігін алға тартса болар еді. Лекцияны бірде бір сабақты жібермей, студенттің сабаққа қатысуын қадағалап отыратын кешегі күнгі тәрбие жоқ, әрине. Біз жіберіп алған лекцияны келесі бір топпен бірге тыңдап, жазып, сол жазғанымызды қорғап жататынбыз.
Ал оқу мерзімінің ұзартылуы, меніңше, 5 немесе 7, 9 жылдық дегеннің білімге, сол өзі таңдаған кәсібіне шын берілген адам үшін қысқа не ұзақтығына байланысты емес болар. Біз де бес жыл оқығанмен, сол кездің тәртібі бойынша жіберілген облыс-ауданда екі жыл тәжірибеден өтіп, жұмыс жасап келгеннен кейін ғана диплом қолымызға тиетін-ді. Қазір де кейбір факультеттер сол бес жылдық күйінде қалды. Стоматология факультеті және қоғамдық денсаулық сақтау деген жаңадан ашылған факультет те бес жылдық. Бұл жаңа факультет емдік шараларды ғана емес, мекемелік денсаулық сақтауды ұйымдастырушылықпен айналысады. Бұл да халық денсаулығына бейжай қарамаудың бір қисыны.
– Бүгінгі медицина жайлы әңгіме бола қалса, міндетті түрде көптеген сырқаттардың жасарып бара жатқаны тілге тиек болады. Оған не себеп?
– Ол рас. Көптеген аурудың кесірінен өрімдей жастардың ажал құшып жатқаны жасырын емес. Оның түрлі себеп-салдары баршылық: экология, күнделікті тұтынып жүрген ас-суымыз, қаламызға мыңдап кіріп-шығып жататын автокөліктердің кесірінен ауаның ластануы, қойшы, әйтеуір, адам ағзасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырып жататын осындай әрекеттерді күн сайын емес, сағат сайын айтып, тығырықтан шығар жол іздеп жатуымыз заңдылық. Мұндай жағдайларда емдеуші дәрігерлерге де сын айтылып жатады.
Ең бастысы, халық денсаулығы – мықты мамандардың қолында болуы керек. Сондықтан да зейнеткерлік жастағы тәжірибелі дәрігерлерді көбірек пайдаланған жөн. Толық болмаса да жарты айлықпен ұстап, олардың өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, әлде де студенттерге лекция оқуға мүмкіндік беру керек. Өйткені, ерлердің зейнеткерлікке шығу жасы 63 десек, ол нағыз тәжірибе жинақтаған, өмір мен өлімнің аражігін айыра алатын, сезім-түйсігі де, бойы мен қолы да оталарға төселген дер шағы емес пе?! Жиырма бес-отыз жасында студент болған ер-азаматтар енді-енді ысылып, науқастың қимыл-қозғалысы мен жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен-ақ, бір сөзбен айтқанда көргеннен-ақ сырқатының ауыр-жеңілін, алдына келген адамның психикасынан-ақ біліп, сезіп отырады емес пе?! Сондықтан мүмкіндігінше, халық денсаулығын ойласақ, бірінші кезекте осы жағына мән берілуі керек. Басқа саланы қайдам, дәл медицина саласында алдына келген адамның сырқатымен алысып жүріп, өз денсаулығынан айырылатын ақ халаттылардың еңбегіне бейжай қарамау керек.
Бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистердің атасына айналған Қоянбек Ахметов ағаймен төрт қыз тәрбиелеп-өсіріп, төрт күйеубалаға туған ата-анасындай мейірім-шапағатын төгіп, тоғыз немере сүйген, Құдай қаласа, шөберенің қолынан май асағалы отырған осынау киелі шаңырақтың ақжаулығы – Айторы Әбдіраманқызымен әңгіме осылай өрбіді...
Әңгімелескен
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ