Тістеріңізді тамақ ішкеннен кейін бірден тазалайтын болсаңыз оған орасан зиян келтіруіңіз мүмкін. Тіс дәрігері неге тамақтан кейін бірден ауыз қуысын тазалау түрлі проблема тудыратынын айтады. Ондайда тіске қаңғұрт түсіп, эмаль бұзылып, тістердің сезімталдығы артады, деп жазады turkystan.kz.
Тіс дәрігерлері тісті күніне екі рет – таңертең және кешке тазалау керек дейді. Бірақ көп адам тазалау уақытының да маңызы бар екенін ескере бермейді. Әсіресе, тәтті тамақтан кейін тісті бірден тазаламау керек.
Британдық тіс дәрігері Тарун Нагпалдың айтуынша, шоколад, жемістер немесе басқа тәттілерден кейін тісті бірден тазалау – эмальдың зақымдануына әкелуі мүмкін.
«Құрамында қант бар өнімдерді жеген кезде ауыздағы бактериялар қышқылдар шығара бастайды. Бұл қышқылдар эмальды – тістің қорғаныш қабатын – уақытша жұмсартады. Егер сол сәтте тісті тазаласаңыз, жұмсарған эмальды сылып тастайсыз. Бұл уақыт өте келе тістерді әлсіретеді», – дейді дәрігер.
Тәтті жегеннен кейін бірден тіс тазалаудың қаупі
Маман мұндай әрекет тістің сезімталдығына, кариеске және эмальдың бұзылуына алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Уақытын дұрыс таңдамаса тіс тазалау – тістерді қорғағанның орнына, керісінше, оларға зиян келтіруі мүмкін. Бұл әсіресе эмалі әлсіреген немесе сезімталдығы жоғары адамдарға қауіпті.
Маман тамақтан кейін кем дегенде 30 минут күтуге кеңес береді. Осы уақыт ішінде сілекей бактериялар бөлетін қышқылдарды бейтараптандырып, эмаль өзінің беріктігін қайта қалпына келтіреді. Сол кезде тісті тазалау шын мәнінде тиімді әрі қауіпсіз болады.
«Сілекей – ауыз қуысының табиғи қорғанысы. Ол тамақ қалдықтарын шайып, қышқылды азайтып, эмальдың қалпына келуіне көмектеседі. Егер асығыс әрекет етсеңіз, зиян келтіруіңіз мүмкін», – дейді дәрігер.
Тамақтан кейін тіс тазалаудың орнына не істеу керек?
Егер сіз шоколад, жеміс немесе басқа тәттілер жеген болсаңыз, тіс дәрігері щетканың орнына мыналарды ұсынады:
Ауызды сумен шайыңыз;
Қантсыз сағыз шайнаңыз;
Жарты сағат күтіп, содан кейін ғана тіс тазалауға кірісіңіз.
Тістерді дұрыс күту – маман кеңестері:
Тістеріңізді таңертең және кешке фтор бар тіс пастасымен тазалаңыз;
Тіс жібін қолданыңыз;
Тіс дәрігеріне жарты жылда кемінде бір рет барыңыз;
Тәтті және қышқыл өнімдерден кейін 30 минут ішінде тіс тазаламаңыз.
Есіңізде болсын:
Тәтті жегеннен кейін бірден тіс тазаламаңыз.
30 минут күтіңіз.
Сағыз немесе суды пайдаланыңыз.
Тістеріңізді күніне екі рет тазалаңыз.