Еңбекқорлық адамды өлтіреді: Ғалымдар шұғыл түрде демалысқа шығуға кеңес береді

26 мамыр, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Егер демалыс сізге артықшылық сияқты көрінсе, мынаны ескеріңіз: демалыстан бас тарту – денсаулыққа қауіпті, деп жазады turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, демалысқа жиі шығатын адамдарда метаболикалық синдром қаупі төмен болады. Яғни қан қысымының жоғарылауы, қан құрамында қанттың көп болуы, артық салмақ сияқты мәселелер аз болады.

Psychology & Health журналы зерттеу жүргізіп, оған 63 адам қатысқан. Барлығы зертханалық тексеруден өтіп, қан тапсырып, соңғы 12 айда қанша рет демалысқа шыққанын және қанша күн демалғанын айтқан. Орта есеппен қатысушылар жылына шамамен бес рет (5, 4 сапар) демалысқа шығып, барлығы екі аптадай (13-14 күн) демалған.

Ғалымдардың басты тұжырымы – жыл сайынғы әрбір қосымша демалыс метаболикалық синдром қаупін төмендетеді.

Неліктен демалыс денсаулыққа оң әсер етеді?

Демалыс кезінде стресс деңгейі төмендейді, ұйқы қалпына келеді, біз көбірек қозғалып, жағымды эмоциялар аламыз. Ағза тынығады.

Бұрын 12 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды, көпжылдық зерттеуде жыл сайын демалатын адамдардың өмір сүру ұзақтығы жоғары екені анықталған. Олардың жалпы өлім қаупі шамамен 20 пайызға, ал жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлу ықтималдығы 30 пайызға төмен болған.

Демалыс кезінде біз жұмыстан ажырап, өзімізге ұнайтын істермен айналысамыз, көбірек қозғалып, ұйқымызды қандырамыз. Тіпті төрт күндік қысқа демалыстың өзі стресс деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Ең бастысы – күнделікті тіршіліктен "ажырап", жағдайды өзгерту.

Метаболикалық синдром дегеніміз – адам бойында бірнеше мәселенің болуы: жоғары қан қысымы, артық салмақ, жоғары қант мөлшері, холестерин. Егер осы белгілердің кемінде үшеуі болса – бұл диагноз қоюға себеп болады. Мұның бәрі жүрек аурулары мен қант диабетінің қаупін күрт арттырады.

 

Тэгтер:

жұмыс демалыс еңбекқорлық тынығу