Марғасқа Мархабат

23 мамыр, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly
ашық дереккөзден

Ұлт әдебиетінде өзіндік стилімен, ауыл тіршілігіндегі шынайы болмысты көркем суреттеумен ерекшеленген жазушылардың ішінде Мархабат Байғұттың есімі бөлек аталады. Ол қазақ прозасында шағын жанрдың, яғни әңгіме мен хикаят жазудың шебері еді. Жазушының шығармашылығы ұлттық болмыс, адамгершілік, тағдыр және рухани дүниетаным тақырыптарымен терең қабысып жатады. «Мархабат Байғұттың әрбір шығармаларынан жалбыздың, ауылдың иісі аңқып тұрғандай...» деп жазушы, драматург Дулат Исабеков айтқандай, жазушының  прозасы – ауыл өмірінің айнасы. Оның кейіпкерлері – күнделікті тіршіліктегі қарапайым адамдар: мұғалім, шопан, ауыл әкімі, жастар мен қарттар. Бұл кейіпкерлер арқылы автор қоғамдағы түйткілді істерді, адам мінезінің өзгерісін, рухани дағдарыс пен ұлттық құндылықтардың құлдырауын ой иіріміне салып, түрлі сауал тастайды.

Жазушының «Шілде», «Сырбұлақ», «Ин­тер­наттың баласы», «Қозапая», «Ақпандағы мы­сықтар» сияқты жинақтарында өмірдің қуа­нышы мен қайғысы, үміті пен күйініші, са­ғынышы мен аңсары көркем баяндалды. Бай­ғұт шығармаларының тілі шұрайлы, кес­телі, сөйте тұра астары мол, әр сөзіне мән бе­ріп оқуды қажет етеді. Юмор, ирония эле­мент­тері арқылы автор адам бойындағы әл­сіздік пен қайшылықты ишаралап жет­кізе­ді. «Машаттағы махаббат», «Асқаровтың аққайыңдары» тәрізді туындыларында бұл ерекшелік айқын байқалады. Мархабат Байғұттың шығармаларында қазақы таным, рухани сабақтастық пен ұлттық сана мә­се­лесі кеңінен қозғалады. Оның прозасынан қа­зақы дүниетанымды, ата-баба мұрасы мен салт-дәстүрді сақтауға деген ұмтылысты көруге болады. Оның шығармашылығы қа­зіргі қоғамның кейбір көлеңкелі тұстарын ашып көрсетуімен ғана емес, ұлттық бол­мыс­ты сақтап қалуға қосқан көркем үлесі­мен де маңызды. Оның жазу мәнері – шы­найы­­­­лықтың, сабыр мен сырбаздықтың үлгісі.
1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақ­стан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауы­лында дүниеге келген болашақ жазушы Қа­зақ мемлекеттік университетінің фило­ло­гия факультетінен білім алған.  Сібір және За­байкалье әскери округтерінде әскерде бол­ған. Біршама уақыт жергілікті басылым­дар­да аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім мең­герушісі ретінде еңбек етіп, кейіннен об­лыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Шымкент облысаралық бөлім­ше­сінің жетекшісі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты Ішкі  саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстық Тіл басқармасының, об­лыстық Ақпарат және қоғамдық келісім бас­қармасының, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, Egemen Qazaqstan газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) ар­наулы тілшісі, «Қазығұрт KZ» альмана­хы­ның, кейіннен журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. Өзінің туған өлкесінен алысқа кетпеді. 
Қаламгердің алғашқы әңгімелері жет­пісін­ші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында зият­кер әрі эстет жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мар­хабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ та­нылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қа­зақ­стан­да» істей жүріп, неғұрлым нақ­тылыққа, қы­сқалыққа машықтанған. Көркем туын­ды­лары өз табиғатынан бастау алады. Тәр­жіма­шылдығы да тәнті етеді», – деп жазушылық әле­міне зор баға берген. Ал қазақтың Шера­ға­сы – Шерхан Мұртаза болса: «Жазушы Мар­хабат Байғұт облыста тұрады. Астанадан да, Алматыдан да алшақ. «Киікоты» – оның жаз­ғандарының бір тамшысы ғана. Талай-талай құнды көркем кітаптардың авторы. Бұл жазушыда жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар» деп жазушының шығармаларына тән­ті болған.  Қаламгер қаламынан «Шілде», «Сыр­бұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуір­зек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Ма­­шаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің пе­ріш­тесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алма­ғайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Сал­қын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Са­ғы­ныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей   көңіл», «Іштарлық  пен  құштарлық», «Ар­ша­кие», т.б. прозалық және публицистикалық кі­таптары жарық көрді. Жазушы халық­ара­лық «Алаш» сыйлығының,  «Құрмет», «Пара­сат» орденінің иегері атанды. Шығармалары түркітілдес халықтардың тіліне аударылған.
Жазушы биыл 80 жасқа толар еді. Жыл басынан бері жазушыны құрмет тұтқан өнер жанашырлары, оқырмандары Мархабат Байғұттың 80 жылдығына орай көптеген іс-шара ұйымдастырып жатыр. «Мархабат» журналы мен  Markhabat.kz сайты жұмысын бастап, әдебиетсүйер қауымды тағы бір жақ­с­ы жаңалықпен қуантса,  жуырда ғана Шым­кент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универ­си­тетінде «Әдебиет әлемі әдемі» атты ха­лықаралық конференция ұйымдастырылып, іс-шараның басты мақсаты – Мархабат Бай­ғұттың бай әдеби мұрасын кеңінен наси­хаттап, оның шығармашылығын жас ұрпақ­қа үлгі ету, ұлттық руханиятты дамыту бол­ды. Конференцияға Түркия, Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстаннан арнайы келген жазушылар мен әдебиеттанушылар Мархабат Байғұттың қаламгерлік ерекшелігі, көр­кемдік стилі, драматургия мен публи­цис­тикадағы орны туралы баяндамалар жасап, өз естеліктерімен бөлісті. «Біздікі – әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қо­сылсақ деген мақсат қой» деген жазу­шы­ның мақсаты  бүгінде орындалғанына оқыр­ман қауым куә болып отыр. 
 

Иә, жазушы шығармалары әлі талай буын­ға тәлім-тәрбие беріп, ой салары сөзсіз. Осы ретте TÚRKISTAN газеті жазушының ме­рей­тойына орай бірқатар  қаламгермен сұхбат құрған едік. Сұхбатқа төмендегі үш сұ­рақты негіз етіп алдық. Олар: 
1. Қазақстан Жазушылар Одағының Бас­қарма Төрағасы Мереке Құлкенов баспасөз бетіндегі бір пікірінде «Оңтүстік десе, ең ал­дымен Махаң, Мархабат Байғұт еске түсе­ді» депті. Бұл ойға не алып, қосарыңыз бар? 
2. Бұған дейін елімізде Жетісу жақта Мұқағали, Қарағанды өңірінде Қасым жур­нал­­­дары жарық көріп келсе, биыл жыл басы­нан бастап оңтүстік өлкесінде «Мар­ха­бат» атты әдеби журнал ақпарат айдынына жел­кен керіп шықты. Көзқарасыңыз қалай?
3. Оңтүстікте көп жыл бойы жазушылар ұйы­мына жетекшілік еткен Мархабат Байғұт тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Оңтүстікте Мархабат Байғұттың есімін мәңгі есте қалдыру, соның ішінде оның атындағы Әдебиетшілер үйі орталығын ашу туралы бастама көптен бері көтеріліп келеді. Сіз қалай ойлайсыз?

Нұрлан ОРАЗАЛИН, 
ақын, драматург, Қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Сөздің өшпес шырағын жағып кетті

1. Мархабат Байғұт… Әдебиетке алпысыншы жылдардың орта тұсында келген, Жарасқан Әбдірәштің сөзімен айтқанда, «соғыстан соң туғандардың» ішіндегі қолына қалам ұстап, Сөз дейтін өнердің туын биік көтеріп өткен аса дарынды жазушы, қарымды қаламгер, хас бітімді суреткер туралы өткен шақпен айтқым келмейді… Өйткені …Мархабат халқының жүрегіне көзі тірісінде СӨЗДІҢ өшпейтін шырағын жағып, ойдың өлмейтін дәнін егіп кеткен cиректеріміздің бірі, бірегейі еді!.. Ол артына мол көркем қазына қалдырған жомарт тұлға! Махаңның тұмасы тұнық, топырағы құнарлы, табиғаттың төрт мезгілі секілді  жаратылысы бөлек, жазуы қалай ешкімге ұқсамаса, адамдармен араласу, халықпен тіл табысу, сырласу, сыйласу салты да солай ешкімге ұқсамайтын өзгеше еді! Халықшыл, қоғамшыл, ұлтшыл, күрескер  тұлға болатын. Ел десе, жүрегі елжіреп тұрушы еді. Өзі де, Сөзі де елге жақын еді! Ол өзінің  туған топырағы – әулиелер мен әмбиелердің ұлы қонысы болған Оңтүстігіне еш жер теңгермейтін… Сонда туды… Сонда өсті… Сол жердің ыстығымен жанын суғарып, сол жердің ыстығынан қуат алған қаламымен  қазақтың  жүрегін тербеп, қанын қозғайтын туындылар жазды!.. Сондықтан…Оңтүстік десе, біздің буынның  жадын жаңғыртып, көзінің алдына  кең жүректі, кемел ойлы шынайы суреткер, қазақтың хас бітімді жазушысы Мархабат Байғұттың бейнесі елестейтіні рас!
2. Журналдың  өмірге келуі  Сөз бен Сөз өнеріне деген құрметтің, түркістандықтардың  тұғырлы тұлғаға, бар саналы өмірін  жазуға, Қаратау мен Алатаудың, Қазығұрт пен Созақтың, Түркібасы мен Түркістанның  абыройын асқақтата отырып, ұлт әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тума талантқа  көрсетілген тағзымның белгісі! Журналға шығармашылық табыстар тілеймін!
3. Облыс орталықтарында  шығармашылық орталықтардың  ашылып жатуы  – игілікті іс. Танымдық, тағылымдық сипаты зор. Ондай орталық ашылып жатса,  оған Мархабат Байғұт есімі беріліп жатса, құба-құп! Қолдаймын! «Өлі риза болмай, тірі байымас…» деген…

Құлбек ЕРГӨБЕК, 
Әдебиет сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Оңтүстік – Мархаббат тандемге айналғалы біраз уақыт

1. Мереке дұрыс айтады. Оңтүстік – Мархаббат тандемге айналғалы біраз уақыт. Бірақ Мархабат Оңтүстікте жалғыз емес. Нәсіреддин Серәлиев, Қарауылбек Қазиевті атасам да аз емес. Бұл топқа төбедей етіп, Тәкен Әлімқұлов, Садықбек Адамбековті қосуға болады.
2. «Қасым», «Мұқағали» журналдары бір кезде «желкен керіп шыққаны» рас. Одан бұрын  дәстүр түзген «Абай» журналы, «Шәкәрім оқулары» басылымы бар еді. Бәрі де шаршап, болдырып тұр. Қазіргі жарыққа шыққан екі номеріне қарап, «Мархабат» журналы да ұзақ шаба алмай ма деп қауіп қылам… Бұл күйде Мархабат ең болмаса, қазақтық биікке көтеріле алмай, Оңтүстіктің Мархабаты күйінде қалып қоя ма деген қорқыныштамын.  Өйткені қазақ жерінің қай бұрышындағы құбылыс болса да әрісі әлемдік, берісі ең болмағанда қазақ әдебиеті контекстінде өркен жаймаса, бәрі бекер.
3. Оңтүстікте Мархабат Байғұт атындағы шығармашылық үйін ашуға әбден болады. Бұрын ауданда сондай бір қоғамдық ұйым болған. Өшіп қалды-ау. Бірақ ол бір Махаңа ғана тиесілі қоғам еді. Енді  туған ауданында Мақаңа әдеби-мемориалдық музей ашылса, ол аудан жұртшылығын өркениетке бастап тұрса деп армандаймын. Шымкентте Мархабат атындағы шығармашылық орталығы ашылса, олар Т.Әлімқұлов, С.Адамбеков, Н.Сералиев, Қ.Қазиев бәрін бір орталықтан іздеп отырса, нұр үстіне нұр. Бәрі де классик, ұлт мақтанышы. Бұл орайда Шымкент әкімшілігі Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі шығармашылық орталығының жай-күйін зерттеп алуы керек.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Өмірі өнегеге толы суреткер болатын

1. Мархабат Байғұт. Сирек суреткер. Арлы да арналы та­лант. Жазғандары өмірдің өзіндей шыншыл, кейіпкерлерімен араласып, сол әлемге еніп кетесің. «Бізде проблема көп. Ондай жерде жазушы ауадай қажет. Бұл жағдайда Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ол Мар­хабат Байғұттың бойынан табылады» – деп еді Дулат Иса­беков ағамыз. Мархабаттың «Сырбұлақ», «Интернаттың ба­ла­сы», «Машаттағы махаббат», «Ақтолғай» бастаған кез кел­ген шығармасын оқысақ ерітіп, ертіп әкетеді. Шеберлік деген сол шығар. Жалғыз Оңтүстік өңірін емес, заманауи қа­зақ прозасын Мархабат Байғұтсыз елестете алмас едім.
2. «Мархабат» журналы байсалды да байыпты басылымға айналса екен. Атына сай ағаның өзін­дей мақамы болып, дауысы ерек талантты дүниелерді жариялап, қазақ жұртының көз қуа­нышына айналсын. Рудың емес, рухтың шырағын жағар өрісті, өнегелі бүтін сөздің, көркем ойдың қазанын қайнатсын.
Мархабат ағаға іні болған, қаламдас, қанаттас бауырларының бірімін. 2000-жыл­дардың басында Түрік елдері басқосуына қатысу үшін Түркияның Қара теңіз жағасындағы Самсон қаласына бардық. Делегация құрамында Салық Зиманов, Қадыр Мырза-Әлі, Ербол Шаймерденов ағаларымыз бар еді. Мархабат аға екеуміз апта бойы жұп жазбай бірге жүрдік. Айтылмаған сыр, оқылмаған жыр қалмады. Адамды сапар жақындастырады ғой. Кейін Egemen Qazaqstan газетіне менің «Тобылғыжарған» жыр жинағым туралы көлемді мақала жарияланды. Мархабат ағаның маңғаз қалпы ұнайтын. Өмірі өнеге мен өріске толы суреткер болатын. Кеселі сөзінің өзі көркем дүниедей әсер ететін.
3. Әрине, Мархабат Байғұт орталығы ашылып жатса, құба-құп. Ол жас әдебиетшілердің, қалам­герлердің бас қосар, сыр бөлісер, пікір алмасар құтханасы болар еді. Оның есімін мерейтойларда ғана еске алмай, Мархабаттану жұмыстары жүйелі жүргізілсе игі. Жан-жүрегіңізді тербер бөлекше қолтаңбасы бар сирек суреткердің қай құрметке де лайық екеніне дау жоқ. Жақсы бастама жал­ғасты болсын! 

Бақытжан АЛДИЯР, ақын:

Мархабат әкем екеуміз түрлі қиялға берілетінбіз

1. Дөп сөз! Шынында да, жиырмасыншы ғасырдың орта шенінен бері қарай дәл солай ғой. Оның аржағында мүйізі қарағайдай әдебиетшілерімізді қоссақ, Оңтүстік – тұтас қазақ әдебиетінің ұйытқысы болған өңір екені бесенеден бел­гілі. Тек әдебиет қана емес, кешегі қылышынан қан та­мып, қазақтың қан тамырына балта шауып, басқа өңір­лер­де тіл, дін, мәдениет, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз ұмыт бола бастаған шақта да соларды көз қарашығындай сақтап қал­ған да – Оңтүстік!
2. Жеке өз басым осыған қатты қуанған адамның бірі­мін. Басқа емес, бүгінде қолынан «іс келетін» Оралхан Дәуіт, Ғалымжан Елшібай секілді Мархабат ағасының шәкірттері осы тірліктің басы-қасында жүргеніне ризамын. Өткенде ғана Түркістан, Шымкент, туған жері Түлкібаста Махаңның 80 жылдығына мұрындық болған да сол жігіттер. Әрине, тек сол екеуі емес, күллі облыс, қала көмектесті ғой. Аталмыш журналдың алдағы уақытта күллі республика жұртшылығына кеңінен тарап, көркем дүниелермен сусындата береріне сенім артайық.
3.  Бұл мәселені осыдан оншақты жыл бұрын дәл сол Мархабат әкемнің көзі тірі кезінде бірге көтергенбіз. Тек қана «Әдебиетшілер үйі» емес, «Ақын-жазушылар аллеясын» қоса, қаладағы бірнеше саябақтың ішінен үлкен «Әдебиет әлемін» ашайық деп бастама көтердік. Оның жобасын, сметалық құнын, тағы да басқа құжаттарын қоса тіркеп, біз жақта бірінен соң бірін ауысып кете беретін бірнеше әкімге хат жазғанбыз. Қабылдауларында да болдық. Мынау көршіміз өзбек ұлтына бір мәселе айтсаң, олардың аузынан «жоқ» деген сөз шықпайды ғой. Өйткені олардың көпшілігінің лексиконында сол «жоқтың» өзі жоқ. Сол секілді, біз барған, хат жазған әкімдердің де бірде-бірі жоқ деген емес. Бірақ нәтиже де жоқ. «Қарап жатырмыз. Жақын арада жауабын береміз» деген хаттарды қолымызға ұстап алып, Мархабат әкем екеуміз түрлі қиялға берілетінбіз. Махаң ана орталыққа мені жалпы басшы етіп қояды. Сосын өзі сол жерде кезіндегі «Қазығұрт» журналын шығарып, жазар дүниесін жазып, екеуміз қол боста есіктің алдында өткен-кеткенге қарап, өткенді еске алып отырамыз. Егер мүмкіндік болса,  осы мәселені қайта көтеріп, қолға алып жатса мен қатты қуанар ем. Ол басқа емес, тура сол Оңтүстік өңірінің қалың жұртына керек емес пе ең әуелі? Әгәрәки шынымен ашылып жатса, мен тура сол күні Шымкентіме баруға дайынмын. Бірақ…. 

Әзірлеген – Наурызбек САРША

Тэгтер:

жазушы Мархабат Байғұт