Абай аймағының айшықты қадамдары

23 мамыр, 2025 / Ділда УӘЛИБЕК

2028 жылға дейін Абай облысында 29 жоба іске асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылмақ. Жаңадан құрылған аймақтың жаңа тынысын ашу үшін жан-жақты сараланған, егжей-тегжейлі екшелген 3 жылдық жоспар әзірленді. Бұл жоспар аймақ дамуының алдағы бағытын айқындап отыр. Осы аптада Абай облысының әкімі Берік Уәли облыстың алдағы 3 жыл­дық даму жоспарын жариялады. Құжатта аймақтың транзиттік әлеуеті мен географиялық ерекшелігі толық ес­керілген. Сондай-ақ ауыл шаруа­шы­лы­ғы, ішкі туризм, әлеуметтік саланы дамыту, жол және инфрақұрылым жүйелерін жаңарту сияқты өзекті әрі өткір мәселе­лер де қарастырылып отыр. 

Өңірдің ахуалы ерекше назарда

Облыс әкімдігінің ресми мәліметіне сүйен­сек, өңір әкімі 17 ақпанда жұмысқа кіріскеннен бері аймақтағы 2 қала мен 10 ауданды түгел аралап, жалпы саны 68 елді мекенге барып, тұрғындардың тыныс тір­шілігімен, өзекті мәселелерімен та­ныс­қан.
Жоспарды таныстыру үшін өткен жиынға аймақтың білім, денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт, әлеумет, бизнес сала­сының өкілдері, депутаттар, құқық қор­ғау органдарының жетекшілері, жо­ғары оқу орындарының басшылары қа­тыс­­ты. Сондай-ақ онлайн форматта да көр­­­­сетілді.
Аймақ басшысы жиынды ашқан сө­зінде Президенттің облысты қайта құру туралы шешімі шын мәнінде тарихи әділ­діктің салтанат құруы болғанын атап өт­ті.
– Облыс құрылған сәттен бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық да­муы – Мемлекет басшысының тікелей бақы­лауында. Биыл біз Абай Құнан­бай­ұлының 180 жылдық мерейтойының іс-шарасын атап өтеміз. Үкімет бұл бағытта­ғы көптеген жұмысты қолға алып жатыр. Іс-шараға дайындықты қазірден баста­дық, жоғары деңгейде өткізуге атсалысу облысымыздың әрбір тұрғынының мін­деті деп білемін, – деді аймақ басшысы. 
Берік Уәли өңірді дамыту жоспары әзір болғанын айтып, оның басты бағыт­тарына тоқталды.
– Біз облыстың транзиттік әлеуетін жә­­­не географиялық ерекшеліктерін ес­ке­ре отырып, алдағы үш жылға даму жос­­­­­па­рын айқындап, дамудың негізгі ба­ғыт­тарын белгіледік. Өңірдің өнд­і­ріс­тік, ет, сүт кластерін құру мен суармалы егін­­ші­лік әлеуетін арттыруға, ішкі ту­ризм­ді, әлеу­меттік саланы дамытуға,  жол және инф­рақұрылым жүйелерін жаңар­туға ба­сым­дық беріледі, – деді облыс әкімі. 

Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады

Облыс әкімі өз баяндамасында ай­маққа инвестиция тарту мәселе­сіне айрықша тоқталды. Берік Уәли 2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге бо­ла­тын 29 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылатынын жеткізді. Соның арқа­сында 8 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. 
Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдары кеңейтіліп, жы­лына 6 мың арнайы техника шы­ға­ратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион да­на қағаз бен картон бұйымдары өнді­рі­сін іске қосады.
Өндірістік инфрақұрылымды кеңей­ту мақсатында «Өндіріс» индустриялық ай­мағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұл­ғай­тылады. 
Сондай-ақ инвесторлармен жұмысты кү­шейту мақсатында Семейде «Инвес­тор­лар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәти­же­сін­де 2028 жылға қарай облысқа тар­ты­латын инвестиция көлемі 547 млрд тең­ге­ден 800 млрд теңгеге дейін артады деген жоспар бар.
Берік Уәли қызметке кіріскелі бері 40-тан астам шетелдік инвестормен кез­десу өткізген. Енді облыс Ресей және Қы­­­тай­мен сауда байланысын кеңейтуді жос­­парлап отыр.
– Осы ретте алдағы аптада Қытайға іс­сапарға шығып, 1 миллиард 200 мил­лион АҚШ долларына инвестициялық жә­не өңірдің кәсіпкерлерінің өнімдерін сату бойынша 15 меморандумдарға қол қоя­тын боламыз. Өңірдің дамуына инвес­ти­ция тарту – әрбір деңгейдегі әкімнің мін­деті. Осыған орай Семей қаласында ин­весторларға сүйемелдеу қызметін көр­сететін «Инвесторлар үйі» ашылады, – де­ді аймақ басшысы. 

Ауыл шаруашылығын дамытудың моделі әзірленді

Тағы бір маңызды бағыт – ауылшаруа­шылық саласындағы жобалар. Осы­ған байланысты ауыл шаруашылығын да­мы­ту­дың 2028 жылға дейінгі моделі әзір­лен­ген. 
Ол ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фер­маларын салу, құс еті шаруашылығын да­мыту және суармалы егіншіліктің әлеуе­тін арттыру сияқты бағыттарды қам­тиды. Бұл бағытта ірі инвестициялық жо­баларды қаржыландыру бағдарламасы ая­сында 13 миллиард теңгеге ет ком­би­наты, бордақылау алаңдары, сүт өнімдері фер­малары, су үнемдеу технологиялары, қой шаруашылығы, балық өсіру жобалары іс­ке асырылып жатыр. Осы бастамаларды қо­л­дау үшін 13 млрд теңгеге жобалар қар­­жыландырылып, жыл соңына дейін қо­сымша 8 млрд теңге бөлу жоспарда бар. 
Ет кластерін дамыту аясында Жаңа­се­мей ауданы Шақаман ауылында «Евра­зияАгроСемей» ЖШС тәулігіне 35 тонна ет өңдейтін кешеннің құрылысы бастал­ды. Мұнда жылына 12,6 мың тонна ет өнім­дері шығарылып, 7 мың бас қойға ар­налған бордақылау алаңы дайындалған. 
– Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орын­дарын ашып, өңірдің азық-түлікпен қам­тылуына үлес қосады. Осы бағытта жұ­мысты жалғастырып, әкімдік тара­пы­нан тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі. 
Айта кету керек, биыл облыста ауыл шаруа­шылығы өнімінің жалпы көлемі 486 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103 пайыз болған. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, республика бойынша 3-орын­да тұр. 

75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес алдағы үш жылда облыстағы 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл жөнделетін 11 мектеп қата­рын­да Аягөз, Үржар, Семей, Жаңасемей, Бес­қарағай аудандарының білім меке­ме­лері бар. 
Сондай-ақ алдағы үш жылда 150 жаңа мо­дификациялы кабинет пен заманауи ин­терактивті тақталар орнатылады. Биыл­дың өзінде 19 мектепке 55 кабинет, 68 мектепке 68 тақта сатып алынады. «Қа­зақстан халқына» қоры арқылы 33 ауыл мектебі заманауи кабинеттермен жабдықталады.

– Мектептерді күрделі жөндеуден өт­кізсек те, облыстың барлық мектеп­терінде оқушылар жабдығы ескірген, бұл мәселе шешімін таппай отыр. Мұны ал­дағы үш жылда кезең-кезеңімен шеше­тін боламыз. Балалардың қосымша білім алуы­на жағдай жасау үшін Семей қала­сын­да биыл Оқушылар сарайының құры­лы­сын аяқтаймыз, – деді аймақ басшысы. 
Мемлекет басшысының баста­ма­сы­мен іске асырылып жатқан «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында Семей қала­сының Қарағайлы тұрғын ауданында 1 200 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп ашылды. Биыл Аягөзде 600 орындық, Семей қаласының Шығыс кентінің оң жағалауында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі. 
Мектепке дейінгі білім беру тапшылы­ғын шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 мың орындық 8 ба­лабақша салу жоспарланған. Қарағайлы ық­шам ауданында 320 орындық бала­бақша құрылысы басталды.

Алакөл жағалауы абаттандырылады

Туризм өңір экономикасының маңызды бағытына айналуға тиіс. Осы мақсатта Туризм басқармасы құры­лып, қыруар жұмыс қолға алынып жатыр.
Мәселен, биыл Қабанбай ауылындағы Ала­көл жағалауын абаттандыру мен ту­ристік аймақтың бас жоспарын өзгертуге 430 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар өңір­дің тарихи, мәдени нысандарының инф­рақұрылымы кезең-кезеңімен да­мытылады. Олардың қатарында Барлық-Ара­сан шипажайы, Абайдың Жидебай-Бөрілі музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы Көр­пеш – Баян Сұлу ескерткіші, Бес­қа­ра­ғайдағы Тұзды көл, Киелі бұлақ, Ырғыз­бай, Баянбай ата кесенелері және Елеке сазы қорғандары бар.  
– Туристік әлеуетті арттыру мақса­тын­да Семей, Аягөз, Шар қалаларының жә­не Ақтоғай кентінің, Жалаңашкөл, Де­гелен, Үшбиік, Жарма, Белағаш, Ауыл стан­саларындағы теміржол вокзалдары жаң­ғыртылады. Қосымша әуе бағыттарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мы­салы, Семей–Астана-Семей бағытына «Южн­ое-Небо» компаниясының рейсі іс­ке қосылды, Семей-Қарағанды-Семей ба­ғы­тын ашу көзделіп отыр. Нәтижесінде, об­­лысқа келетін туристер саны 300 мың адам­­нан 600 мыңға жетіп, қызмет көрсету кө­лемі 5,3 млрд теңгеден 1,5 есеге артады, – деді облыс әкімі. 
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Семейде Semey Mall сауда-ойынсауық орталығы мен PANA қонақүй кешенінің құрылысы басталады.

Облыс орталығы кеңейеді

Семейдің солтүстігіндегі жаңа ау­дан­да 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, ком­мерциялық және әлеуметтік нысандар, сая­бақтар  бой көтеретін болады. Жоба ая­сында жастар сарайы, Жекпе-жек са­райы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көр­ме орталығы, Достық үйі, инвесторлар ор­та­лығы, музыкалық мектеп, филар­мо­ния, этносаябақ, стадион, колледж, музей, ба­лабақшалар, қонақүйлер мен сауда ке­шендерін салу жоспарланған. 
– Жаңа аудан – шаһардың солтүстік бө­лігіндегі орналасқан, жер көлемі мың гектардан асатын, ыңғайлы жол дәліз­де­рі­мен, тиімді географиялық орналасуымен ерек­шеленеді. «Семей орманы» мемле­кет­тік табиғи резерватына жақын тұрған­дық­тан, осы экологиялық жасыл аймаққа тоқ­тадық. Мұнда жасыл желекті көптеп отыр­ғызуға баса мән беріледі, тұрғын­дарға жайлы саябақтар салынады. Бұл ықшам ауданда Мемлекет басшысының қол­дауымен «Абайға құрмет» респуб­ли­калық акциясы аясында Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай еліміздің өзге өңір­лері сыйға тартатын маңызды әлеуметтік, мәде­ни нысандар бой көтеретін болады. Ұзақ мерзімге бағытталған жобаны жү­зе­ге асыру өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына үлкен серпін береді, жаңа өн­діріс орындары мен жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына септігін тигізеді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы, оның ішінде жеке инвестиция көлемі артады, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Семейдің басқа аудан­да­ры да назардан тыс қалмайтынын жет­­кіз­ді. Қаланың бос аумақтарына облыс­тық көпсалалы аурухана, театр, тағы бас­қа маңызды әлеуметтік нысандар са­лынады.   

Жаңа мәдени нысандар бой көтереді

Облыс әкімінің баяндамасында аймақта мәдениет және спорт са­ласы бойынша іске асырылатын жо­балар туралы айтылды. 
Семейде 530 орындық жалғыз театр үш ұжымға бірдей қызмет етеді. Бұл мә­селені Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айт­қан болатын. 
Филармония ғимараты 1991 жылдан бері жөнделмеген, Абай атындағы кітап­хана 1974 жылғы ғимаратта орналасқан. Мәдениет нысандарының жағдайын жақсарту үшін биыл бірқатар жобалар қол­ға алынады. Абай ауданындағы мә­дениет үйінің жабдықтары жаңартылады, Бородулиха ауданының Камышенка ауылында клуб салынады. Мақаншыдағы «Інжу-маржан» ансамбліне музыкалық аспаптар алынады, Бесқарағай ауда­нын­дағы Беген ауылында, Глуховка және Ер­на­зар ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы басталады. 
– Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Мем­лекет басшысының қолдауымен «Абай­ға құрмет» республикалық акция аясында еліміздің өзге өңірлері Семей қа­ласында музыкалық мектеп, облыстық ор­талық кітапхана, шығармашылық са­райы, өлкетану музейі, көрме орталығы және амфитеатр салатын болады, – деді аймақ басшысы.
Аймақта спорт саласына да айрықша мән беріледі. Аудандарда жүзу бассейні, модуль­дік спорт залы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты бірқатар нысан құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар Водный және Бобровка кентінде спорт кешендерінің іргетасы қаланды.  

P.S. Өңірді дамытудың жаңа жоспары аймақтағы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалған маңызды қадам екені сөзсіз. Тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды жаңарту және ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне оң әсер етіп, аймақ тіршілігіне жан бітіретініне сенім мол. Бұл бастамалар елеусіз қалған елді мекендердің еңсесін тіктеп, аймақты жаңа белестерге жетелейді. Елдің тілегі де – сол. Ендігі міндет – жоспарланған жобалардың тиімді әрі уақытылы жүзеге асуын қадағалап, жағдай жасау. 
 

Тэгтер:

Берік Уәли Абай облысы