«AMANAT» партиясы экологиялық саясатқа бей-жай қарап отырған органдарды сынға алды

23 мамыр, 2025 / Алуа Арман

«AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес көгалдандыру жұмыстарындағы жүйелі олқылықтар мен экологиялық саясатты жақсарту жөніндегі партиялық ұсыныстарға мемлекеттік органдардың бей-жай қарауын сынға алды. Бюджеттен миллиондаған теңге бөлінгенімен, нәтиже мардымсыз. Мәселен бірқатар өңірде әлі күнге дейін цифрлық мониторинг жүйелері енгізілмеген, ал жауапты ведомстволар нақты диалогтың орнына ресми жауаптармен шектелуде.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Бауржан Смағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр Кеңес жеті отырыс өткізіп, 92 ұсыныс әзірлеген — соның 85-і орталық мемлекеттік органдарға, 34-і әкімдіктерге жолданған. Алайда толыққанды кері байланыс тек жекелеген ведомстволардан ғана түскен. Экология және Ұлттық экономика министрліктері сынды негізгі ведомстволар өтініштерді елемей, тек ресми жауаптармен шектелген.

Кеңес отырысы барысында министрліктер өкілдері де жүйелі проблемалардың барын мойындады. Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Мақсат Елемесовтің айтуынша, 2021–2024 жылдар аралығында Президенттің тапсырмасымен елді мекендерде 14,3 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Алайда жасыл желектерге мониторинг жүргізу тек жекелеген аймақтарда ғана жолға қойылған – сегіз өңірде бұл жұмыс бәсең күйде. Бұған басты себеп — қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева есеп үшін «есеп» беруді доғарып, нақты нәтижелерге көшу қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол экологиялық күн тәртібіне регенеративті егіншілік пен орман қалдықтарын экономикада пайдалану мәселелерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Ол бірыңғай әдістемелердің болмауы және цифрландыру деңгейінің төмендігі мәселесін тілге тиек етті. Цифрлық мониторинг жүйесі 2021 жылы іске қосылады деп жарияланғанымен, бүгінде ол тек сегіз өңірде ғана жұмыс істейді. Дегенмен бұл бағытта қаржы тұрақты түрде бөлініп келеді.

«12 өңірде цифрландыру әлі басталған жоқ. Бұл мәселе неге бес жыл бойы шешілмей келеді? Біз аталған жағдайды Партиялық бақылау комитетінің қарауына беруді ұсынамыз. Ол жерде тексеріс қатаң болады», – деді ол.

Талқылау барысында бұдан да күрделі мәселе анықталды: Қазақстанда қалалар мен ауылдардағы жасыл желектердің жай-күйіне жауапты уәкілетті орган әлі жоқ. Барлық жауапкершілік әкімдіктерге жүктелген, ал министрлік тек үйлестіруші рөлді атқарады. Осылайша экологиялық бағдарламалардың дұрыс жүзеге аспауы тиімді нәтиже бермей отыр.

Қорытынды сөзінде Бауржан Смағұлов Кеңес құрамында өңірлердегі нақты мәселелермен күнделікті бетпе-бет келіп жүрген танымал сарапшылар бар екенін атап өтті.

«Біз көтеріп отырған мәселелер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының міндеттерімен тікелей байланысты. Барлық бұрын қабылданған ұсыныстарды профильді органдарға қайта жолдаймыз және бір ай ішінде мазмұнды жауап күтеміз», – деп түйіндеді депутат.

Тэгтер:

Аманат партиясы