Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы өткен жылдың шілде айында Алматы тұрғынының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады turkystan.kz.
"Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр.
Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылуда.
Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында.
Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар, соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 2024 жылғы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнәр Гүлстан тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл жағдайды суицид ретінде тіркеген. Алайда марқұмның туыстары оның өлер алдында қатыгездікпен азапталып, көршілері терезеден лақтырып жібергенін айтты.