"Отличниктердің" бәрі шенеунік болмайды": Желіде креатив директор атанған Ақмоншақ

23 мамыр, 2025 / Арайлым Жолдасбекқызы
коллаж: turkystan.kz

Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза – білім беру мен заманауи технологияны үйлестіріп, оқушылармен ортақ тіл табысудың жаңа үлгісін көрсетіп жүрген жаңашыл басшы. Instagram-да 100 мыңнан, TikTok-та 33 мыңнан астам оқырманы бар ол оқушыларымен бірге трендтік видеолар түсіріп, мұғалімдердің жиналыстарын семинарға айналдырып, дәстүрлі мектеп стереотиптерін бұзып жүр. Финляндияда тағылымдамадан өтіп, бүгінде PhD докторантурада білімін жетілдіріп жатқан Ақмоншақ ханымның басты ұстанымы – еркіндік пен сенім арқылы оқушының ынтасын ояту. Оның бірнеше мың қаралым жинаған контенті ұстаз бен шәкірт, мұғалім мен директор арасындағы шекараны жойып, ата-аналардың да жаңашыл көзқарасын қалыптастыра отырып, білім беру процесін жаңа деңгейге көтеруде. 25 мамыр соңғы қоңырау мерекесіне орай жаңашыл директормен мектеп басқарудағы ерекшеліктері мен тәжірибесі туралы әңгімелескен едік.

– Сіз әлеуметтік желіде «қатал директор» бейнесін бұзып жүрген жас маман ретінде танылдыңыз. Бұл образды өзгерту неліктен маңызды деп ойлайсыз?

– Иә, қазір маған көпшілік осындай баға береді. Алайда мен әлеуметтік желіге осы стереотипті бұзу үшін, жүйені «сындыру» үшін немесе танымал болу үшін келген жоқпын. Өзімнің педагогикалық еңбек өтілім – 15 жыл. Ал директор ретінде биыл екінші оқу жылын аяқтап жатырмын. Жалпы, өзім осы мектепке алғаш келгенде балалардың мектеп тұрмақ, өмірге деген құлшынысының төмен екенін байқадым, бұл мені біраз қынжылтты. Өзім білімнен бұрын адамгершілік пен қарым-қатынасты жоғары орынға қоямын. Оның үстіне, екінші мамандығым – психолог. «Не істеу керек?» деген сұрақ туындағанда, балалармен бір толқында болуым керек деген ой келді. Бірақ шешімді бірден қабылдадым дей алмаймын. Былтыр қараша айында оқушылармен Whatsapp желісінде топ ашып, қандай мәселелері бар екенін сұрап, оны бірге шешуді ұсындым. Бәрі осыдан басталды. Балалардың ой-пікірін тыңдау, олармен санасу арамыздағы тоңды жібітті десем болады. Олар маған, мен оларға үйренісіп, жақын бола бастадық. Кейін әртүрлі тренд видеолар түсіргенде «Сіз қатал директор образын бұзып жүрсіз» деген пікірлерді жиі оқи бастадым. Сонда барып өзім «Рас, солай екен-ау» деп ойландым. Негізі, өзім бала күнімнен шығармашылыққа жақынмын, камерадан қашпаймын. Неше түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, өз ортамда еркін өстім. Мүмкін, менің желіде танымал болуыма осы қасиеттерім де ықпал еткен шығар. Біздің мектебіміз Астананың шет жағында орналасқан, балалар да, ата-аналар да қазақы. Былтыр біраз танымал тұлғаларды мектепке шақырып, кездесу ұйымдастырдық. Балалардың маған деген көзқарасының өзгеруіне бұл да әсер етті деп ойлаймын. Өйткені осыдан кейін шәкірттердің мектепке құлшынысы арта бастағанын көрдім. Оң өзгерістерді байқағаннан кейін дұрыс жолда екенімді түсіндім.

– Әлеуметтік желіге жариялайтын видеоларыңыз үшін Білім басқармасынан, министрліктен «қоңырау» түскен кездері болды ма?

– Басқарма, министрлік тарапынан ондай ескерту болған жоқ. Жалпы, қалыптасқан жүйеге өзгеріс әкелу оңай емес. Әлеуметтік желіде белсенді болған сайын жауапкершілігім де артып келе жатыр. Stories қаралымы 40-50 мың, бір видеоны 400 мың адам көретін жағдайға жеттік. Егер мені әлеуметтік желідегі оқырмандардың жартысы қолдап, жартысы қолдамаса, мұны қоя салар едім. Басым көпшілік оқырманның қолдауын, жылы лебізін, жағымды пікірін көргеннен кейін бағытымның дұрыс екеніне көзім жетті. Менің табиғатымнан дауысым жуан, күлкім де Әмина Өмірзақова апамның күлкісіне ұқсайды. Тіпті, «Сіздің күлкіңізге қарап, күлудің өзін ұмытып қалғанымды түсіндім» деген пікірлер жазылады. Күле алмасаң, өмірді сүре алмағаның. Бізде адамдар тар шеңбердің, қоғам немесе өздері сызып алған «рамканың» ішінде қалып қойған сияқты көрінеді. Бұл өмірде адамды шынайы сезім ғана бақытты қылады.

– Қазіргі жүйе креативті директорлардың жолын аша ма, әлде тежей ме? Өз тәжірибеңізден мысал келтірсеңіз.

– Креативті директорларды қолдау керек. Егер мені басшылық қолдамаса, мен осы жерде директор болып отыра алмас едім. Өйткені мен еркіндікті қалайтын адаммын. Ақша тапқым келсе, қазіргі аудиторияммен жеке мектеп ашсам, бизнесімнің тасы өрге домалар еді деп ойлаймын. Бұл айтқаным асылық емес. Мен мына дүниеге ақша табу үшін келген жоқпын. Менің миссиям – қоғамға барынша пайдалы болу. Осы еңбегімді ел-жұрт көріп отыр. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев: «Мен саған сенемін» дейді. Осы сөзден артық не керек? Ол кісі маған, мен ұстаздарыма сенемін. Сенім бар жерде адам жұмысты екі-үш есе көп атқарады. Ойлау жүйесі дұрыс қалыптасқан адам сенімнен шығуды ойлайды. Бұл – саналылық. Біз түптеп келгенде ұстазды да, баланы да саналылыққа тәрбиелеуіміз керек. Ұстазды қинап сабағын жақсы өткіздіре алмайсың, баланы қинап жақсы оқыта алмайсың. Ұжымдағы ұстаздарыма «Егер ұстаздық жол сіздікі болмаса, балаларды қор қылмаңыз» деген кездерім болды. Өйткені баланың кінәсі жоқ, кінә мына біздерде, үлкендерде. Егер баланың көзінің отын жандыра алмасақ, дұрыс білім мен тәрбие бере алмасақ, қателік бізден.

Жақында Youtube желісінде «Кітап TALKS» атты жаңа жобам шықты. Басты мақсаты – оқушылар мен барша көрерменнің кітапқа қызығушылығын арттырып, терең ой тудыратын шығармаларды бірге талқылау. Біз тек кітап оқып қана қоймай, ондағы маңызды идеяларды бірге зерделеп, білімге ұмтылудың маңызын ашатын боламыз. Күні кеше «Заң мен тәртіп» аясында оқушылардың қатысуымен тәрбиелік мәні зор қойылым өтті. Балалар өз рөлдерін жауапкершілікпен орындап, заң мен тәртіптің маңызын түсінді. Осындай жаңа жобалардың бәрін басшылық қолдау білдіргендіктен де іске асыра алып жатырмыз. Сондықтан боламын деген адамның жолын бөгейтін тежеу жоқ.

– Сіздің ойыңызша, мектеп адамның өмірін өзгертетін жер ме, әлде жүйеге бейімдейтін орта ма?

 – Мектеп ішіндегі қалыптасып қалған жүйені жаңарту директордың қолында. Менің үздік оқушыларға арналған «Директормен шай» деген жобам трендте болды. Балалар менімен шай ішу үшін кезекке тұрады. Сонда бір оқушым: «Апай, мен сізбен шай ішу үшін келесі жылы міндетті түрде бір жарыстан орын аламын», – деп жазып жіберіпті. «Өмірге келгеніңнің өзі –жетістік» деп әлгі баланы шақырып, шай іштік. Сол оқушымыз қазір жақсы жаққа көп өзгерген. Көрген сайын қуанамын. Әдетте, мұғалімдер үздік оқитын 5-6 оқушыдан айырылмайды. Нағыз жеңіс – екіге оқитын баланы үшке тарту, үшке оқитын баланы төртке тарту және оның қабілетін аша білу. Ал үздіктерді оқыту – ол сенің жеңісің емес. Олар сол мұғалім болмаса да сабағын үздік оқи береді.

– Ал ұжыммен жұмыс істеу кезінде қандай қағидаларды ұстанасыз?

– 2016 жылы магистратура оқып жүргенде Финляндияға барып 3 апта тәжірибеден өттім. Одан бөлек бірнеше рет жолым түсіп Америкаға бардым. Сонда мектептерін аралап көргенім бар. Алайда мен мектебіме шетел тәжірибесін енгізіп жатырмын дей алмаймын. Финляндияға барғанда ұстаздар бөлмесінің ерекше жасалғанына куә болып, ой түйдім. Директор болғанда сол көргенімді іске асырдым. Мұғалімдер бөлмесін кофейня сияқты жасадық. Әдетте біз мұғалімдер бөлмесін дәптер тексеретін, келесі сабаққа дайындалатын кабинет деп қабылдаймыз. Бірақ бұл ұстаздардың демалыс орны болуы қажет. Сабақ беріп шыққан ұстаздың шай ішетін, жайлы диванда емін-еркін отыратын жері болуы керек қой. Мен мұғалімдерге: «Шаршасаңыз, ұйықтап алыңыз» деп айтамын. Онда тұрған ештеңе жоқ, мұғалім де адам, ол да тыныққысы келеді. Егер мен директормын деп қатайып алсам, мұғалім менен қорқып тұрса, бұл жерде шабыт туралы қандай әңгіме айтуға болады? Мұғалім жұмысын шығармашылықпен, шабытпен істемесе, жақсы нәтиже болмайды. Әлеуметтік желідегі пікірлерді оқи отырып бізге осы еркіндік, ашықтық, тіл табысудың жетіспейтінін ұқтым. Сізге өтірік, маған шын, күніне «Директор мені қудалап жатыр» деген сарындағы көптеген хат аламын. Бұл білім саласындағы көзге көрінбейтін, бірақ өзекті мәселе екен. Мұғалімдер де осылай болуы керек деп жүре береді. Мен оларға ақыл айтатындай 40 жыл бойы директор емеспін, бірақ мұғалімнің соңына шам алып түскен директор ештеңе ұтпайды. Жүйкесі жүн болған мұғалім ашуын баладан алады. Азар болса, мұғалім орнын босатады, болды. Ал адамгершілік, қарым-қатынас, бірін-бірі тыңдау қайда қалады? Қай салада болсын, біздің ақсап жатқан тұсымыз – осы.

– Сіз үшін тәртіп пен еркіндік арасындағы тепе-теңдік қандай? Оқушыға қай шекке дейін таңдау құқығын берген дұрыс?

– Барлық бала білімді болуға міндетті емес. Тіпті, мүмкін де емес. Бала екіге оқысын, мейлі, үшке оқысын, бір нәрсеге қабілеті бар. Баланың қабілетсіз болуы, тіпті, мүмкін емес. Шәкіртінің қабілетін ашу, соған деген өзінің махаббатын ояту арқылы оның өмірге құштарлығын арттыру – ұстаздың қолында. Мұндай балалардың кейін сабақ үлгерімінің қалай жақсарғанын өзіңіз де байқамай қаласыз. Менен «Баланы еркіне жіберсек, кейін басымызға шығып алмай ма?» деп жиі сұрайды. Баланы бетімен жіберсек, біз несіне мұғалімбіз? Баланы еркіне жіберетін, мақтайтын, түсіндіретін кездер болады. Әдістің өзі сан алуан. Осының бәрі орнымен, баланста болуы керек. Ұстаз шынайы болса, оқушы да адал болады. Сондай-ақ еркіндік бергенде «Коллективіңіз бетімен кетпей ме?» деп сұрайды. Қатал басшы мендей болсын. Талап ететін жерде қаттымын. Сондықтан еркіндікте де, қаталдықта да алтын орта болғаны жөн.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі мектеп директоры қандай болу керек?

 – Ең бірінші кезекте мектеп директорына қойылатын талап – адалдық, шынайылық. Бұл – менің көзқарасым. Заман талабына сай әр басшы өзгеруі керек.

– Басшы ретінде қатаң шешім қабылдау керек сәттерде жүрек пен логика тартысқа түскен кездер болған шығар. Ондай кезде қайсысын тыңдайсыз – жүректі ме, әлде міндетті ме?

– Қандай жағдайда да адамға адам деп қарау маңызды. Көпшілік болғаннан кейін неше түрлі жағдай болып жатады. Мәселен, оқушының сабақ үлгерімі нашарласа, тәртібі өзгерсе, көп ретте оның жер-жебіріне жетіп ұрса жөнеледі. Бірақ оның шын мәнінде жүрегінде, жанында қандай арпалыс болып жатқанын білмейміз. Мүмкін ол оқушының ата-анасы ажырасып жатқан шығар, мүмкін үйінде күнде айғай-шу, мүмкін ауырып жүр. Біз өзіміз бер жағын ғана көріп, шешім шығаруға асығып тұрамыз. Тіпті, кейде осындай жағдайдағы балалармен сөйлескенде өзіміз кешірім сұрайтындай жағдайда екенімізді түсінемін. Мәселен, дәл осындай мәселесі бар ұстаз балаға қандай шабыт береді? Сондықтан шешімді жүрекпен қабылдаймын. Әріптестеріме, оқушыларыма сенім артамын. Сенімнің арқасында мектепте 24 сағат жұмыс істеуге дайын тұратын ұстаздар бар екенін көрдім. Олардың көзі жанып тұрады. Мұндай жағдайда ол кісілерді өмірдің барлық саласын баланста ұстауға шақырамын.

– Бір сәт бәрінен шаршап, «бас тартқым келеді» деген күн болды ма? Сол кезде өзіңізді не құтқарды?

– Күйіп-жану деген нәрсенің алдын алу керек. Қазір қоғам да, басқарушы органдар да бар жауапкершілікті мектепке артып отыр. Уәкілетті органдардан бөлек, «қиын» ата-аналар да жеткілікті. Қазір әлеуметтік желіге отбасымды, балаларымды салып жүрмін. Бұл қадамды да біраз ойланып барып жасадым. Мен директор болып 5 жыл отырармын, 10 жыл отырармын. Бірақ ана деген ат менде мәңгілік қалады. Мен біреуді жөнге салу үшін өз отбасым үлгілі болуы керек. Отбасым дұрыс болмаса, кімге ақыл айта аламын? Біздің отбасындағы шынайылық, еркіндік пен жайма-шуақ қарым-қатынас оқырмандарға ұнайды екен. Жалпы, адам отбасы, жұмыс, денсаулық, қарым-қатынас, қаржы саласын тепе-тең ұстағаны жақсы. Өз басым тұрмыс құрмай жұмыс істеп, кейін не істеймін деп бармақ шайнап қалған қыздарды да білемін. Күйіп-жанып, бір мектептің отымен кіріп, күлімен шығады. Келесі директор келіп еңбегін нөл деп бағалағанда, неше жыл оқығаны мен тоқығаны далаға кеткендей күй кешеді. Бұған ешкім кінәлі емес. Бәрі адамның өзіне, ниетіне, өзгерем деген талпынысына байланысты. Өзгерісті өзіңнен баста деген қағидам бар. Ешкім саған жақсы жұмыс, жоғары жалақы, керемет күйеу тауып бермейді. Қашан сөзің мен ісіңді түзейсің, сонда барып алдыңнан жақсы адамдар шыға бастайды. Бұл – өмірдің жазылмаған заңдылығы. Мектепте жас мамандар көп. Басында олар сабақ бере салып қашуға дайын тұратын, өмірге құлшыныстары жоқ, бірақ сағатқа таласатын. Өйткені көп ақша тапқысы келеді. Кейін сол жастарды жинап сөйлестім өзімді мысалға келтіріп. Мен көпбалалы анамын, күйеуімнің бабы, қызметім, докторантурадағы оқуым, әншілігім, спортым бар айналысатын. «Күніне 5-6 сағат ұйқымен осының бәріне үлгергенде бойдақ жүрген сендер неге жұмыстарыңды махаббатпен істей алмайсыңдар?» деп сұрадым. Құдайға шүкір, қарын тоқ, көйлек көк заманда өмір сүріп жатырмыз. Ұстаздық мамандықты таңдадың ба, міндетің – біліммен қатар алдыңа келген шәкірттің жұлдызын жағу. Табысыңды ойламай, жұмысыңнан ләззат алып істесең, ақша саған өзі келеді. Арықтағың келсе, тәбетің ашылып кетеді ғой. Бұл да сол сияқты. Не нәрсеге байлансаң, сонымен сыналасың. Қазір сол мамандар жұмыстарына адал, кертартпалықтан, жалқаулықтан арылды. Менің інім TikTok әлеуметтік желісінде биология пәнінен сабақ түсіндіретін. 12 мың оқырманы бар. Америкаға оқуға кетуіне байланысты парақшасының жұмысы аздап тоқтады, соны қайта жалғау керек деп кеше өзіне айттым. Бүгінгінің баласын әлеуметтік желіден табасың. Біз осыны құрал ретінде пайдалануымыз керек. Ұстаз деген қақиып тек сабақ түсіндірумен шектелмейді. Өз жұмысына шығармашылық көзқараспен қарайтын ұстаз шәкірттерінің жүрегіне жол таба алады. Бұл – болашаққа құйылған нағыз инвестиция.

 – «Қиын» ата-аналармен қалай тіл табысасыз? Олармен жұмыс істеуде қандай қағидаларды басшылыққа аласыз?

 – Қазір өмірге өкпелі адамдар көп. Бар ашуын мектептен, ұстаздардан алғысы келеді. Баға сұрайтын ата-аналар да бар. Қағаздағы баға кімге керек? Сол баға үшін өзі қиналады, баласын стреске түсіреді, соңында мұғалімге «шабуыл» жасайды. «Отличниктің» бәрі шенеунік болып кетпейді ғой. Менің «қиын» ата-анамен қалай тіл табысқаным туралы видео әлеуметтік желіде кең таралды. Бұл – өмірден алынған жағдай. Мен барлық мәселені сөйлесу арқылы шешемін. Қазақтың «шай ішейік» деген сөзі талай адамды татуластырды ғой. Шайдың құдіреті сол – іштегі шерді тарқатып, ортақ бір шешімге келесің.

 – Қазақы болмысты сақтау мен қазіргі заманға бейімделу арасында тепе-теңдік қалай сақталуы керек деп ойлайсыз?

 – Біздің мектепте балалар қазақ тілінде сөйлейді, ата-аналардың да болмысы қазақы. Алайда аулада орысша шүлдірлейтін балаларды көргенде жаның ауырады. Өзім ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында былтырдан бастап сүйінші жаңалықтарға байғазы беруді енгіздім. Мәселен, балалардың бірі немесе ұстаз жарыстан жеңіп келсе, он мың теңге аударамын. Бұл, біріншіден, мотивация. Екіншіден, салт-дәстүрді дәріптеу. Ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша жүзеге асырғым келетін идеялар көп. Тілді, ұлттық киімдерді дамытуға қатысты жобаларымды болашақта іске асыруды мақсат етіп отырмын. Бұл науқаншылдық, бір күндік шаралар емес. Біз осыған саналы түрде келуіміз қажет. Салт-дәстүр, қазақы болмыс, ұлттық сана бізбен біте қайнасып кетуі керек. Сонда заманға сай өз болмысымызды сақтап қала аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Тэгтер:

Мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы Креатив директор №58 мектеп-гимназиясы Ақмоншақ Нұртаза