Танымал тележүргізуші Сауық Жақановаға Халық әртісі атағын беруді ұсынды

Бүгін, 00:21 / Өтей Торғайұлы
Ашық дереккөзден

Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт "Халық әртісі" атағына байланысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.

Дана Нұржігіт "Қазақ радиосының Ақбаяны" атанып кеткен Сауық Жақановаға "Халық әртісі" атағын беруді ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.

"Халық әртісі дегенде менің айтар назым бар. Биыл Қазақ радиосының Сандуғашы-Сауық Жақанова 80 толды. Алдына барып дәріс алмасам да,өзімді апайдың шәкіртімін деп есептеймін. Интернатта жатып оқыған мен төсегімді қабырғаның жанында тұрса екен дейтінмін. Өйткені ол жерде ілулі тұратын радионы таңертең кешке жоғарыдағы шегесінен алып,құлағыма басып, жастанып тыңдаушы едім. Апайдың үні менің дауысымды қойды,үнімді түзеді,қоңыр әуезге тәрбиеледі, тіл ұстартты. Дәл осылай апайды ұстаз тұтатындар көп. Өте көп", - деді тележүргізуші.

"Қазақ радиосында" ойып алар орны бар Сауық Жақанова биыл 80 жасқа толған.

"Ақша мен денсаулықтың қадірін қартайғанда білесің. Ол рас. Көкірегің сайрап, ал бойдан қуат кете бастағанда қасыңнан болмысыңды, орныңды білетін, шын сыйлайтын адамдар табылмаса қиын. Жас келгенде өзін зор санайтындардың алдында, қор болу үлкен сынақ. Бірақ мен айтатын Сауық апам оны да күліп қарсы алады. Гүл сыйласаң, гүл солады, ал сенің қалтаң жұқарады деп уайымдайды, тойына барсаң, жолда шаршап, қарның ашып қалмады ма деп алаңдайды. Біреуді артық мазалап қойдым ба деген шын зиялы адамның мінезі. Уайымы. Ескіліктің жұрнағы ма? Жоқ! Бүгінгі “маған қара,мені көр, мен бәрінен мықтымын!" деген бетпақ әдеттің бірі де жоқ Сауық Жақановада! Міне, осындай сезімтал, аппақ жүрегі оның үніне ұласқан. Үн-оның жан айнасы. 600-ден астам шығармаларды оқып, Қазақ радиосына мұра етіп қалдырған, мыңдаған тікелей эфирлер, радио-бағдарламалар қаншама ұрпақты тәрбиеледі. Әріптестер-Жазира Амантай, Таңсұлу Алдабергенқызы Сауық апайдың 80 жылдығына кітап шықсын деп ат салысты, Алматы мен Қарағанды қолдан келгенше кешін ұйымдастырды", - деді Дана Нұржігіт.

Қазіргі таңда Сауық Жақанованың денсаулығы сыр бергенін де тілге тиек етті.

"Апам бүкіл денсаулығын мамандыққа берген, екі құлақ радиодан тапқан дерт-естімейді. Аппаратпен жүр. Бірақ, эфирдің адамы сахнада жиналатынын өзімнен білемін. Білдірмеуге тырысады. Ал әуезді үн сол баяғы. Дым өзгермеген. Өйткені жүрек сол баяғыша. Адамзатты, өмірді сүйген жүрек. “Қазақ радиосының Ақ Баяны" деп атап кеткен Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті, 80 сеңгіріне шыққан Сауық Жақанованың ұстаз жолымен Халық артисі атанғаны өте орынды, заңды болар еді деп ойлаймын! Өйткені дәл Мәдениет пен Өнер қызметкерлері күні Сауық Жақановаға құрмет көрсетсек, артық болмас түгілі, ел болып қоштар едік! Мен оған кәміл сенемін!", - деді тележүргізуші.

Тэгтер:

Дана Нұржігіт Сауық Жақанова Қазақ радиосы