Қазақстанда маусым айынан бастап банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Қазіргі уақытта Ұлттық төлем корпорациясы жаңа жүйеге банктерді кезең-кезеңімен қосып жатыр. Қазірдің өзінде тоғыз банкпен келісім жасалған:
- Halyk Bank
- Банк ЦентрКредит
- Freedom Bank
- Altyn Bank
- RBK Bank
- Bereke Bank
- ForteBank
- Home Credit Bank
- Нұрбанк
QR төлем қалай жұмыс істейді?
Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұл жүйе арқылы кез келген банктің мобильді қосымшасын пайдаланып, басқа банктің терминалы арқылы төлем жасауға болады. Мысалы, сіз А банктің клиентісіз, ал дүкенде B банктің терминалы тұр. Сіз өз банк қосымшаңыз арқылы QR кодты сканерлеп, оңай төлем жасай аласыз.
Бүгінде QR төлем тек бір банктің экожүйесі ішінде ғана жұмыс істейді. Жаңа жүйе бұл шектеуді жояды.
«Қай банктен болғыңыз келсе де, кез келген терминалда төлем жасай аласыз», — деді Ұлттық банк өкілі.
Комиссия мәселесі
Комиссия мәселесіне келсек, Ұлттық банк оны нарықтық механизм деп атап отыр. Яғни әр банк комиссия мөлшерін өзі белгілейді.
«Бұл — нарықтық дүние. Комиссиялар қымбат серверлер мен инфрақұрылымды ұстауға жұмсалады. Біз тікелей араласпаймыз», — деді Шолпанқұлов.
Сонымен бірге, комиссияны төмендету бойынша жұмыс жүріп жатыр. Арнайы тарифтік кеңес құрылып, банктермен қолжетімді тарифтер талқылануда.
«Интерчейндж ставкасы төмендетілді. Бұл — Ұлттық банк пен халықаралық төлем жүйелері арасындағы комиссия», — деп түсіндірді ол.
Қызмет ақысы қандай болады?
Жалпы, бәсекелестік арқасында QR төлем жүйелеріндегі комиссиялар төмендеуде. Бірақ бұл жаңа жүйеде төлемдер толығымен тегін болады дегенді білдірмейді.
«Тұтынушылар үшін төлемдер бұрынғыша тегін болып қала береді. Бірақ бұл түпкілікті шешілмеген мәселе», — деді Шолпанқұлов.
Жаңа жүйе қашан іске қосылады?
Телефон нөмірі арқылы алғашқы банкаралық аударымдар маусым айында іске қосылады. Алғашқылардың қатарында бес банк бар:
- Halyk Bank
- Freedom Bank
- Altyn Bank
- RBK
- Home Credit Bank
Қалған банктер кезең-кезеңімен қосылады.
Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұл — технологиялық процесс, банктердің ІТ-инфрақұрылымына байланысты.
Жыл соңына дейін барлық банктерді осы жүйеге қосу көзделіп отыр.