Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік бастама жүзеге асты. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты және «Kaspersky зертханасының» бірлесуімен ұйымдастырылған іс-шара барысында балалар мен ата-аналарға киберқауіпсіздік негіздерін үйрететін арнайы оқыту карталары мен ақпараттық материалдар ұсынылды.
Іс-шараға «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, «Kaspersky зертханасының» Орталық Азия мен Моңғолия елдері бойынша басқарушы директоры Валерий Зубанов және «Күн Бала» қоғамдық қорының жетекшісі Алла Джан-Ша қатысты.
Жиын барысында Даун синдромы бар балалар мен олардың ата-аналарына интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдылары үйретілді. Өз кезегінде «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бұл жоба қоғамдағы киберқауіпсіздікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Бұл бастама – «Цифрлық қоғам» жобасының көпқырлы бағытының бір бөлігі. Ол түрлі әлеуметтік топтарды қамтуды көздейді. Цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен білім әр адам үшін қолжетімді болуы керек. Партиялық жоба аясында жастар мен ерекше қажеттілігі бар жандардың ақпараттық кеңістікте еркін әрі қауіпсіз болуына жағдай жасалады», – деді Ақерке Искандерова.
Оқыту материалдарының жиынтығы балаларға «Kaspersky» зертханасының атынан табысталды. Компанияның Орталық Азия мен Моңғолия елдері бойынша басқарушы директоры Валерий Зубановтың айтуынша, оқу бағдарламаларын IT мамандар ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімдеп әзірлеген.
«Бүгінгі цифрлық заманда киберқауіпсіздік жеке адам үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Әсіресе, ерекше балалар мен олардың отбасыларына арналған осындай оқыту бағдарламаларының рөлі зор. Біз Қазақстанда цифрлық сауаттылықты арттыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз», – деді Валерий Зубанов.
Сондай-ақ балаларға қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған компьютерлер ұсынылып, заманауи техникалардың мүмкіндіктері мен функциялары таныстырылды.
Іс-шара жастар мен IT саласындағы білікті мамандардың басқосуымен жалғасты. Оған «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуаныш Төлепов, «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Global Education» департаментінің директоры Жанат Қазбекова, «DataStar» компаниясының басқарушы директоры Евгений Питолин, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жоба туралы жалпы ақпараттар мен нақты кейстер ұсынылды. Жобаның координаторы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева цифрлық құзыреттердегі алшақтықты жою үшін тек материалдық ресурстар ғана емес, жүйелі білім беру, тәжірибе алмасу және сарапшылар тарапынан тұрақты қолдау қажет екенін жеткізді.
«Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жобасы IT қауымдастық бастамасымен және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл бастама балалар, қарттар мен мүгедектігі бар жандар сияқты қоғамның әлсіз топтарына бағытталған. Оларға технологияны қауіпсіз әрі тиімді қолдануға қажетті арнайы дағдылар қажет. Қазіргі уақытта жобаның еріктілер корпусы белсенді түрде қалыптасуда. Жақын арада еліміздің барлық өңірінде цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған орталықтар ашу жоспарланып отыр», – деді депутат.
«Жастар Рухының» өкілдері де волонтерлік корпустың қарқынды қалыптасып жатқанын айтып, болашақта бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасатынын жеткізді.