Мұхтар Шаханов: Ұлы рухтасым өмірден озды
Мұхтар Шаханов: Ұлы рухтасым өмірден озды
1 сәуір күні Кеңес Одағының және Ресейдің даңқты ақыны, прозашы, сценарист, режиссер және актер Евгений Евтушенко өмірден озды. 85 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған қаламгер саналы ғұмырын жазуға арнап, орыс әдебиеті мен мәдениетінде өшпестей із қалдырды. 150-ден астам кітап жазған ақынның шығармалары әлемнің 70-тен астам тіліне аударылып, дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі пікірлес, ниеттес оқырмандарын біріктірді.
Мы перед чувствами немеем,
мы их привыкли умерять,
и жить еще мы не умеем
и не умеем умирать, – деп жырлаған ақынның ең басты ұстанымы – адам деген атқа лайықты өмір сүру еді. Ол туралы әйгілі кеңестік және ресейлік ақын, композитор Булат Окуджава: «Евтушенко, бәрінен бұрын, өте қайырымды жан, мұны ұмытпау керек. Ол өмір үшін арпалыса жүріп, адамдарға көмектесіп, көпшілікке тірек болып қана қоймай, жамандыққа нағыз батырларша қасқая қарсы тұра білді. Евтушенко үшін адами құндылықтар кез келген эстетикалық көркемдіктен жоғары тұратын. Бұл орайда оның өмір бойғы осалдығы да осы еді. Ақындығын мойындамаушылар қатары аз болмаса да, оның өлеңдерінің жаны бар, олармен сыр шертісе аласың. Евтушенконың ұлы ақын екеніне күмән келтіруге болмайды», – деген еді. Расында да, Евгений Евтушенконың 1963 жылы Нобель сыйлығына ұсынылуы оның ерекше ақын екенін дәлелдесе керек.
1991 жылы отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған қаламгер Оклахома штатындағы Талса қаласында тұрды, сондағы жергілікті университетте дәріс берген. 31 наурыз күні денсаулығы сыр беріп, ауыр халде ауруханаға жеткізілген Е.Евтушенко 1 сәуір күні бақилық болды. Көзі тірі болса, 18 шілдеде 85 жасқа толатын еді. Мерейтойы қарсаңында Ресей, Беларусь және Қазақстанды аралап, гастрольдік тур жасауды жоспарлаған екен. Ақынның мерейтойлық фестивалінің бас продюсері Сергей Винниковтың айтуынша, Евтушенко өзін Переделкино кентіндегі Борис Пастернактың бейітінің қасына жерлеуді тапсырыпты. Марқұмның жақындары оның өлер алдындағы соңғы өсиетін орындамақ. Ресей жұртшылығы ақынмен 9 сәуір күні қоштасады. Ресейліктер ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалардың әр қиырында өмір сүріп жатқан ақынның үзеңгілестері, пікірлестері мен ізбасарлары сол күні Переделкинодан табылары анық. Е.Евтушенконы жерлеу рәсіміне біздің елден Мұхтар Шаханов та шұғыл аттанды. Рухани үндестік достастырған пікірлес досының қазасы қазақ ақынының жанына қатты батыпты. Мәскеуге ұшар алдында Мұхтар ағамызбен тілдесіп, Е.Евтушенко туралы естеліктеріне құлақ түрген едік.
– Евгений Евтушенко – орыс әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің ешкім қайталай алмас дара тұлғасы, ұлы ақыны. Екеумізді алғаш рет Булат Акуджава таныстырып еді. Содан кейін арамыз ажыраған емес. Менің орыс тілінде жарық көрген «Лики времен» атты кітабым Е.Евтушенконың және көрнекті орыс ақындарының аудармасында Евтушенконың алғысөзімен жарық көріп, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын иеленді.
1986 жылы Мәскеуде Е.Евтушенконың жүргізуімен менің үлкен поэзия кешім өтті. Кеш түгелдей 300 миллионға жуық халқы бар бүкіл Кеңестер одағына теледидар арқылы екі дүркін көрсетілді. Кейіннен Евтушенко Алматыға арнайы келіп, республика сарайындағы поэзия кешімді артынша Мәскеуде өткен екінші үлкен шығармашылық кешімді де жүргізіп, маған деген өзгеше ықыласын танытты. 1999 жылы Евгений Евтушенконың «Волчий паспорт» кітабы мен менің «Өркениеттің адасуы» атты өлеңмен жазылған романымның тұсаукесері бірге өтті. Бұл кештер біздің бір-бірімізге деген риясыз көңіліміз бен адал достығымыздың нышаны еді.
– Евтушенконы анаңыз да ерекше жақсы көрген екен...
– Иә, Мәскеуге барған сайын міндетті түрде оған арнап қаттама нан пісіріп жіберетін. Өзім анамның нанын әлі күнге дейін сағынамын. Арасына май жағып, дәмді етіп пісіретін. Жұп-жұмсақ болатын. Евтушенко «Вкусная лепешка! Матушка передала?» деп қуанатын.
Жаратылысы бөлек ақын мені алғашқы кездесуде-ақ таңғалдырған еді. Онымен танысуым ойда-жоқта басталды. Әдебиетшілер үйінде Михаил Курганцев екі-үш өлеңімнің жолма-жол аудармасын Булат Окуджаваға оқып берді.
– Егер аудармашысы табылса, бұл ақынның бағы жанайын деп тұр екен, – деді Окуджава Курганцевке қарап.
– Өз басым аудармаға шебер емеспін, бәлкім, Евтушенкоға көрсеткен жөн болар?
Курганцев қолма-қол телефон соғып көріп еді, Евтушенко үйінде болмай шықты. Келесі күні Курганцевтің берген нөмірі бойынша қоңырау шалып ем, трубканы Евтушенконың өзі көтерді. Мән-жайды түсінген соң, ол:
– Менің телефонымды сізге кім берді? – деп сұрады. Окуджава мен Курганцевті атап ем, Евтушенко:
– Онда жолығуымыз керек екен. Мен сағат 1-де Әдебиетшілер үйінде боламын. Сол жерден табылыңыз!
Ол айтқан уақытында келді. Шетте оқшаулау тұрған қос креслоға жайғастық. Мен ұсынған өлеңдердің жолма-жол аудармасын ләм-мим деп сөзге келмей, парақтай бастады. Өте жылдам оқиды екен. “Алтын, күміс және қалайы”, “Достық заңы”, “Түсінісу теоремасы” өлеңдерімді қазақша оқып беруімді сұрады. Шығармама қаншалықты жан салатынымды, жырдың ішкі музыкасына, сыртқы ырғағына қалай мән беретінімді білгісі келді ғой деймін. Мен үш өлеңді де жатқа сыдыртып шықтым.
– “12-3=?” поэмаңызды да жатқа білесіз бе? Бірінші бөлімін оқыңызшы.
Мұны да мәнерлете толғап шығып ем:
– Түсінікті. Парасатты әрі күрделі ақын екендігіңізге күдігім қалмады. Кеттік! – деп мені Әдебиетшілер үйінің бірінші қабатындағы мейрамханаға ертіп кірді. Әдеміше келген, қырықтар шамасындағы даяшы жігіт Евтушенконы көріп құрақ ұшты. Бұл да оның анасының, әйелінің денсаулығын сұрады. Төргі үстелге отырғызып, қандай тамақ ішкіміз келетінін жазып ала бастады.
– Маған бәрібір. Тек шошқаның еті болмаса болды, – дедім мен.
– Бағзы ата-баба психологиясына беріктігіңізді білдірдіңіз! – деп күлді Евтушенко.
Қилы-қилы әңгіме өрбіттік. Баба-тарих, туған жер, ХХ ғасыр өркениеті және оларға рухани, әдеби тұжырым төңірегіндегі ой-пікірлерімізде ұқсастық бар екені байқалды.
– Мына жігітке ерекше қарыздармын, – деді ол әлгінде ғана қасымыздан кеткен даяшыны нұсқап. – Никита Сергеевич Хрущевтің дәуірлеп тұрғанында, оның сын шоқпарына іліккенімді білетін шығарсыз. Бүкіл Кеңестер Одағы аузына қарап тұрған адамнан қатал әрі әділетсіз сын есту – әлі отызға толмаған ақынға қандай ауыр. Сонда осы мейрамханаға кірдім. Бір қырсығы тиер деп ойлай ма, жұрттың көбі маған жақындауға сескеніп, жорта көрмеген сияқтанып, бұрылып кетеді. Адамдардың ұсақ пендешілігі, қорқақтығы, сатқындығы жынымды келтіріп, тіршіліктен түңілгендей күй кештім. Тіпті “өлсем қайтеді? ” деген ойға тірелдім. Әлгі жігіт бәрінен баз кешкен көңіл-күйімді бірден сезіп, қояр да қоймай үйіне алып кетті. Өзі де, анасы да, әйелі де жырларымды түйдектете жатқа оқып, қазіргі дәуірге мен сияқты ақынның қажет болатынына көзімді жеткізді. Яғни, тіршіліктен баз кешу қасіретінен аман алып қалды!
Ол маған тағы бір оқиғаны әңгімеледі.
– Борис Пастернакқа “Доктор Живаго” атты романы үшін Нобель сыйлығының берілуі өз елімізде үлкен дау тудырғанын білетін шығарсың, – деді ол бірден сенге көшіп. – Хрущевтің өзі ол романды оқымапты да. Бұл туралы кезінде маған Эренбург айтқан. “Мен Сурков пен Поликарповтың алдауына түсіп қалдым” депті оған Хрущев. Бірақ романға қарсы қозғалып кеткен насихат машинасын тоқтатуға, бейшараның шамасы жетпеді. 1960 жылы мен Пастернактың Переделкинодағы саяжайына бардым. Өзіне тән бағзы сергектігімен қуана қарсы алды. “Жаңа ғана екі жас ақын Ваня мен Юра келіп кетті, – деді ол. – Әдебиет институтында мені “өз отанымнан аластату” туралы хатқа студенттерге қол қойдырып жатса керек. Өзім тәрбиелеп, үміт күтіп жүрген екі жас ақыным ақыл сұрай келіпті. “Қайтсек екен?” – дейді мұңайып. Қол қоймағандарды институттан қуып, комсомолдан шығаратын көрінеді. “Сендер бәрібір маған жәрдем бере алмайсыңдар. Құр босқа оқудан шығып қалғанша қол қоя беріңдер!” – деп екеуіне өзімді сатуға рұқсат бердім. “Жарайды, осы қиын жағдайды өзіңізбен ақылдасып алу үшін келгенбіз”, – деп қоштасып, шығып кетті. Сәлден соң терезеден сыртқа көз салсам, екі жас ақыным менен рұқсат алғанына масайрап, құдды жас балалардай секіріп, қуанып барады екен. Әттең-ай, екеуі де талантты-ақ еді. Енді олардан ешқашан да үлкен ақын шықпайды. Өз шындығын сақтап қалуға құлшынысы кеміген сәттен бастап ақындық құдірет шегініске түседі…” Пастернактың айтқаны айна-қатесіз келді. Ана екеуі әр жыл сайын топырлатып кітап шығара беретін орташа ақындардың қатарын ғана молайтты.
Тамақтанып біткен соң Евтушенко даяшыға:
– Мына жігітті есіңе ұстағайсың. Ақындық, азаматтық бет-бағдарымыздың жақындығын ескерсек, болашақта маған дос болуы да ғажап емес. Кітапшаңа жазып қоя бер. Күннің, түннің қай уақытында келсе де, менің есебімнен тамақтандырып отырасың! – деді.
Даяшы күлімсірей басын изеді. Евтушенко ұсынған мүмкіндікті тіпті бір рет пайдаланбасам да, дархан ақын бойындағы өз басым бұрын ешкімнен кездестірмеген рыцарлық дара мінез санамда мәңгілік жазылып қалды.
Іргетасы нақ сол күні қаланған арамыздағы сенім мұнарасы қаншама жылдардың дауылы мен жауынына жолықса да, өңін берген жоқ, қайта бұрынғыдан да мазмұнданып, зорая түсті. “Достықта әлсіздік танытқандар басқа күрестерде де осалдық етеді”. Осы идея ортақ түпқазығымызға айналды.
– Хрущев сынынан кейін шығармаларына қара күйе жағып, жеке басын ғайбаттағандардың ашу-ызасынан ақын қалай қорғанды?
– Евтушенко – күрделі, қиын тағдырдың ақыны. Оған Алла Тағала адам баласында өте сирек кездесетін талант берген. ХХ ғасырда, күллі әлемде, сан миллиондаған халықтың махаббаты мен құрмет сезімін және жүздеген қаламдастарының пендешілігі мен қызғанышын қатар оятқан, әр шығармасы мемлекеттік деңгейде бақыланып, зерттеліп отырған, өз дәуірінің сеніміне, ар-намысына айналған Евтушенкоға бірбеткейлігі мен қайсарлығы тең келер ақын таба алмайсыз.
Я был в шестидесяти четырех странах –
больше, чем все поэты России до меня,
Мне аплодировали цивилизованные народы и первобытные племена, – деп жазды ол жазушылардың шет елдерге шығуын МҚК уысында ұстап тұратын сонау кезеңнің өзінде-ақ. Хрущев сынынан соң Кеңестер Одағында Евтушенкоға ғайбат айтпаған газеттер бірен-саран ғана шығар. “Комсомольская правда” бір аптаның ішінде оның ақындығына, азаматтығына, отаншылдығына күмән келтірген, 120 мың таралыммен арнайы кітап бастырып таратты. Сол кітапта қарапайым шошқашы мен еліміздің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің аралығындағы сан түрлі мамандық иелері, партия, комсомол, пионер қайраткерлері ақынға “шетел баспасөзінде кеңестік шындықты бұрмалап көрсеткені үшін” аямай ашу-ызасын төкті. Бұған Евтушенконың әлемдік даңқына қызғанышпен қараған, азаматтығын пендешілігі тұсаған ақын-жазушылар қосылып, құлаш-құлаш сын мақалалар жазды, оны күлкіге айналдырған, мазақтаған әзіл-сықақ, пародияларды елге таратты. Бірақ осындай кезеңнің өзінде-ақ оны қолдаған, қорғаған, билік машинасының еркіне берілмей, өз пікірін өзгертпей қалған тұлғалар аз болған жоқ. Мәселен, К.Чуковский: “Таң қаларлық өлеңдер. Өзі де таң қаларлық. Үлкен тағдырдың үлкен адамы” десе, Д.Шостакович: “13-симфониямды бітірген соң алдыңызға тізерлеп отыруға бармын. Өйткені ар проблемасын музыкада бейнелегенім үшін сізге борыштармын” деп ағынан жарылды.
– Евтушенко екеуіңіз Арыстың жағасында, ат үстінде түскен суретті кезінде бірнеше газет жарыса басыпты. Тарихи суретті көргенде жадыңызда талай естелік жаңғыратын болар...
Евтушенко Алматыға таңертеңгі сағат алтыда ұшып келді. Оны қарсы алу қамымен жүріп, түнгі сағат үште жатқандықтан, бір жарым сағат қана көз шырымын алыппын. Айтматов та сол түні тым кеш жатып, бар-жоғы екі-ақ сағат ұйықтапты. Оның үстіне Бішкектен Алматыға дейінгі жол да өзін едәуір шаршатып тастаса керек. Театрға халық лық толды. Жұрттың құлшынысы ерекше. Көрермендердің біразы түрегеп тұр. Сахнаға Евтушенко, Айтматов үшеуміз бірге шықтық. Кешті мен кіріспе сөз сөйлеп ашып, Айтматов Евтушенко шығармашылығы туралы өрелі пікірмен ары қарай жалғастырды. Одан кейін Евтушенко өлең оқи бастады. Шықаң екеуміз төралқада қатар отырмыз. Жұрттың көтеріңкі рухын көріп, көңіліміз жайланғандықтан ба, түнгі ұйқымыздың шала болғандығы осы арада айқын сезіле бастады. Оның үстіне Евгений Александрович «Любимая, спи» деген ұзақ өлеңін тыңдаған жұртты ұйқыға жетелейтіндей, бәсең сазды дауыспен оқыса бола ма?!
Сөз әуені мен дауыс ырғағына балқығандықтан шығар, екеуміз бірдей маужырап ұйықтап кетіппіз. Шошып оянып, көзімдi ашып жіберсем, Евтушенко өлең оқуын бір сәт доғарып, Шықаң екеумізге жақтырмаған көзбен үңіле қарап тұр екен. Егер біздің кешімізде Евтушенко ұйқыға кетсе, не күйде болар едік. Масқара! Қырғызстан мен Қазақстандағы ең жақын досы және тілектесі бола тұрып, екеуміздің мынадай мінез көрсеткеніміз ешбір шеңберге сыймайтын шығар? Енді қайттік? Шықаңды түртіп кеп жібердім. Ол селк етіп оянды. Кездесу кешін екі телеарна жарыса түсіріп жатқан-ды. Оның үстіне залда отырған алғыр көзді жұрттың жарымынан астамы біздің ұйықтап кеткенімізді аңғарыпты.
Кешкі жиыннан соң Шықаң екеуміз ұйықтап кетуіміздің негізгі себебін және оған «Любимая, спи...» өлеңінің де ерекше септігін тигенін ақынға түсіндіріп айтқанымызда ол қарқылдап күлді.
– Евгений Евтушенкомен соңғы рет қашан хат-хабар алмасып едіңіздер?
– Ол АҚШ-та тұратындықтан, соңғы жылдары жиі хабарласа бермейтінбіз. Оның үстіне біраз жылдан бері денсаулығы сыр беріп жүргенін біліп, көп мазалағым келмеді. Соңғы рет 2014 жылы 18 шілдеде хат алмастық. Сол күні оның туған күні еді. Өзім ауруханада жатқандықтан, баламның көмегімен Евтушенконың электронды поштасына құттықтау жолдап, жақсылығының бәріне тілектес екенімді, оған деген достық көңілім титтей де өзгермегенін жеткіздім. Көп ұзамай хатыма жауап келді. Әйелі Мария екеуі хатымды жылап отырып оқыпты. Оларды ұмытпағаныма қатты қуанғандарын жазды. Евтушенконың хатын оқып, оның да маған деген көңілі бәз-баяғы қалпында екенін ұқтым.
Бір білерім, бүгінде рухани нысанаға айналып кеткен “Поэт в России больше чем поэт” деген Евтушенко сөзі ешқашанда мазмұнды мағынасын жоймасы хақ. Тек өз шығармашылығымен ғана айналысып, қоғам мүддесіне пысқырып қарамайтын жазушылар да құрмет биігінде. Бұл арада тағы бір әділетсіздік бар. Қаншама елге, ұлтқа жаның ашып, оның мүддесі үшін күрессең, соншама азап шегеді екенсің. Тіпті халықтың біраз бөлігі қарсыластарың жағына шығып, саған қарсы шоқпар сілтеседі. Евтушенко тағдыры – мұндай істердің бұлтартпас дәлелі. Қайсар ақынның өзі өлсе де, өлеңі өлмесі шүбәсіз. Марқұмның жаны жәнатта болғай!
– Алды пейіш, арты кеніш болсын!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА