"Мен ешқашан күріш сатып алған емеспін": Жапония министрі қызметінен кетуге мәжбүр болды

Бүгін, 05:50 / Дана Ізтілеуова
Yoshio Tsunoda

Жапонияның Ауыл, орман және балық шаруашылығы министрі Таку Это күрішке қатысты айтқан мәлімдемелерінен кейін өз қызметінен кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

Таку Это ресми іс-шарада сөйлеген сөзінде күрішті ешқашан сатып алмайтынын, оған жақтастары оны көп мөлшерде сыйлық ретінде беретінін айтқан.

Оның бұл айтқаны елде соңғы айларда күріш бағасының тарихта бірінші рет күрт өсуіне наразы халықтың ашуын тудырды. Жапонияда бір жыл ішінде күріш бағасы екі есеге өскен. Үкімет мұны ретке келтіру үшін ел тарихында алғаш рет  мемлекеттік қорлардан күріш сату шарасын бастауға мәжбүр болды. Бастапқыда бұл уақытша шара болған-тын, бірақ күріш бағасының өсуі күннен күнге шарықтап бара жатқандықтан, үкімет оны шілде айына дейін ұзартты.

Осындай қиын кезде орынсыз сөйлеген Жапония министрі қызметінен кету туралы өтініш қабылдаған.

– Өз-өзіме осындай күрделі шақта мен ауыл шаруашылығы министрлігін басқарып отыруға лайықпын ба?” — деген сұрақ қойдым және бұл орынсыз деген қорытындыға келдім. Халық күріш бағасының өсуін тоқтата алмай жатқанда айтқан орынсыз сөздерім үшін тағы да кешірім сұраймын», — деді Таку Это өтінішін тапсырғаннан кейін.

Жапониядағы күріш тапшылығының бірнеше себебі бар – 2023 жылғы аптап ыстық салдарынан болған егіннің шықпай қалуы және 2024 жылы болуы мүмкін «мегажерсілкініс» туралы ескертуден кейінгі дүрлігу. 

Тэгтер:

Күріш Жапония министрі Қызметінен кету