Алматы-Ақтөбе бағытындағы пойыз жолаушысынан марихуана табылды

21 мамыр, 2025 / Өтей Торғайұлы
Сурет: polisia.kz

Қызметтік-іздестіру иті Алматы-Ақтөбе пойызының жолаушысынан марихуана тапты, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Сұлутөбе – Қызылорда станциясының аралығында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ральф атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен есірткі затын заңсыз сақтау фактісін анықтады.

Алматы – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында қызметтік ит жолаушылардың біріне белгі берді. Ол көршілес мемлекеттің 37 жастағы азаматы болып шықты.

Тексеру барысында ер адам өз еркімен ішінде жалпы салмағы 201 грамм болатын кептірілген марихуана есірткі заты бар целлофан пакетті тапсырды. Оның айтуынша, бұл есірткіні Алматы қаласынан жеке тұтыну мақсатында жинап алған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Шетелдік азамат жауапқа тартылды.

Тэгтер:

Ақтөбе Алматы Пойыз марихуана