Ел іші жаңа технологияның тілін жетік меңгерген өнертапқыштарға кенде емес. Қазір қарқын алып келе жатқан ІТ саласында қара үзіп келе жатқан жастарымыз жетіп артылады. ІТ саласында ел қызығатын жаңа технологияны ойлап тапқан жас стартапердің бірі – Мирас Байжігіт. Ол құрастырып шығарған электронды трекерлер бүгінде жылқышылардың таптырмас құралына айналды. Ауыл-аймақтағы жылқышылар сол GPS трекерлер арқылы жылқыларынан көз жазбай, түгендеп жүр. Бүгінде осы құрылғының көмегімен жылқышылардың жұмысы да жеңілдеген. Turkystan.kz сайтының тілшісі идея авторы, жас кәсіпкер – Мирас Байжігітке хабарласып, осы ерекше құрылғысы туралы әңгімелескен болатын.
«Бұл құрылғыны ойлап табуға 1-сыныпта оқитын інім себепкер болды»
«Арқалық қаласында дүниеге келдім, бірақ төрт жасымнан бастап Қостанайда өстім. Балалық шағым мен оқушы кездерім сонда өтті. Қостанай қазақ-түрік лицейін қызыл аттестатпен бітіріп, Астана медицина университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Алайда дәрігерлік мансабым қалай өрбитінін, ашығын айтсам, нақты білмеймін. Себебі дәрігер ретінде толық жұмыс істеп үлгермедім. Бұл мамандықтың маңызына қарамастан, елімізде дәрігер мамандығы еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланбайтынын оқу мен тәжірибе кезінде-ақ түсіндім. Жалақы мен еңбек жағдайы – соның дәлелі. Ал кәсіпкерлік маған керісінше – жауапкершілік жүктеді, өзімді маңызды тұлға сезіндірді. Күнделікті шешім қабылдауға, жүйелі ойлауға және белгісіздікті басқаруға үйретті. Медицинада көбіне ережеге сай әрекет ететін орындаушы боласың, ал бизнесте сен әрі автор, әрі режиссер, әрі продюсерсің. Бәрі тек өзіңе байланысты», – дейді ол.
Мирас сөз арасында медицина академиясында оқып жүріп, алғашқы кәсібін де ойда-жоқта бастағанын айтады. Ол идея күнделікті қажеттіліктен туындаса керек.
«Медицина академиясындағы оқу кестесі өте тығыз болды. Сабақтар 4-6 сағатқа дейін созылатын. Сондықтан қосымша жұмыс істеуге уақыт болмады. Дегенмен мына бір жағдай ой салып кетті. Інім 1-сыныпқа барды, ал анам егіздермен декреттік демалыста үйде отырған еді. Сол себепті інімді мектепке апаратын ешкім болмады. Мен оның қайда жүргенін біліп отыру үшін шешім іздей бастадым, қатты уайымдадым. GPS сағаттар тауып, сатып алдым да, баптауларын іске қосып, ініме бердім. Сол кезде ата-аналар үшін бұл тамаша шешім екенін түсіндім. Қазақстанда ондай қызмет көп таралмаған екен. Осылайша мен алғашқы бизнесімді бастадым. Instagram желісінен арнайы парақша ашып, тапсырыс қабылдап, GPS сағаттар сата бастадым. Бұл оқуға кедергі болмады, әрі студент үшін табыс жаман емес еді. Бір күні клиентім сағатқа ризашылығын білдіріп, соңында «Ал мұнымен жылқыларды бақылауға бола ма?» деп сұрады», – дейді ол.
«Қырғыз Республикасынан ұсыныс келіп түсті»
Клиентінің дәл осы сұрағы Мирастың iGPS Tech технологиясын жасап шығаруына түрткі болса керек.
«Осы сұрақ менің өмірімдегі жаңа тараудың басы болды. Иен далада, байланыс жоқ жерде жануарларды қалай бақылайтынын білгім келді. Осылайша зерттеуді бастадым. Интернеттен ақпарат жинап, технологияларды салыстыра келе, нақты шешімдер таптым. Клиент менің құрылғымды сынап көруге келісті. Басында жылқы шаруашылығының қыр-сырынан бейхабар болдым. Бірақ уақыт өте келе клиенттермен кездесіп, шаруашылықтарға барып, жылқышылармен сөйлесе жүріп, осы саланы жан-жақты түсіне бастадым. Қазір біз жай ғана бақылау емес, шын мәнінде жылқышылардың өмірін жеңілдететін шешімдер ұсынамыз. Клиенттер iGpskz деген қосымшаны телефонға немесе планшетке жүктеп алады. Сол арқылы өз жылқыларының қозғалысын кез-келген уақытта көре алады. Тіпті диванда жатып немесе басқа елде жүрсе де, қай жылқы қайда жүргенін көру мүмкіндігі бар. Күн батареясы арқылы жұмыс істейтін трекерлер де бар. Оларды қуаттау қажет емес. Ал классикалық үлгілердің батареясы 4 айдан 12 айға дейін жұмыс істейді. Қолдану жиілігіне қарай әр түрлі. Клиенттер трекерге қажет жаңа батареяны біздің серіктестерден немесе бізден тікелей сатып ала алады», – дейді ол.
Осы технологияның арқасында қазір Қазақстан бойынша 125 000-нан астам жылқы бақыланады. Және бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді екен. Дегенмен Мирасқа бұл жобасы ә дегеннен табыс әкелмеген. Осы күнге жету үшін аттай 8 жылын жұмсапты.
«Жақында Қырғыз Республикасында бірнеше серіктеспен жұмыс бастадық. Болашақта қорықтардағы жануарларды да бақылауға көмектесу жоспарымызда бар. Компания құрылғаннан бері өзіміз жалақы алған емеспіз. Барлық табысты қосымшаны жасауға, командаға және жүйені дамытуға жұмсадық. Егер қосымша мен платформаның дамуына кеткен жалпы соманы есептесек, бірнеше жүз мың доллар шығады. Бүгінгі таңда жазылым құны 15 доллардан басталады. Ай сайын бірнеше мың клиентке қызмет көрсетеміз. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығы секторына арналған суперапп жасау. Kaspi немесе Freedom қосымшалары сияқты, бірақ агросалаға бейімделген суперапп жасасақ дейміз. Клиенттік базамыз үлкен. Соны тиімді экожүйеге айналдыру үстіндеміз. Бірінші қадам – қосымша ішінде хабарландыру платформасын іске қосу. Клиенттерімізбен сөйлескенде, олардың жаңа өнімдер мен технологиялар туралы ақпарат алу үшін жәрмеңкелерге баруға мәжбүр екенін көрдік. Енді сол мүмкіндіктердің бәрін бір қолданбада жинағымыз келеді. Алда әлі көп жоспар бар. Олардың бәрі агроқоғамдастыққа нақты пайда әкеледі деп сенеміз», – дейді жас талант.