Елімізде жас жүргізуші 80 000 теңге төлесе, шетелдік азаматқа 50 пайыз жеңілдік беріледі – Елнұр Бейсенбаев

21 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан
Мәжілістің Баспасөз қызметі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулы жүргізушілерді сақтандырудың тиімділігін арттырудың орнына, керісінше олардың қалтасына артық салмақ салып, бірқатар нормасы Конституцияға қайшы келіп отыр. Бұл туралы Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

Оның айтуынша, жол жүру қауіпсіздігі мен жүргізушілердің құқығын қамтамасыз ету – өте маңызды міндет.

«Бұл ретте, сақтандыру жүйесінің осы мәселені реттеуде тигізер әсері мол. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №87 қаулыны жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жетілдіреді деп айту қиын.

Бұл құжат елімізде тіркелген 6 миллионға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, олардың пікірі сұралмастан, сала өкілдерінің қатысуынсыз бір жақты қабылданған.

Соның салдарынан аталған қаулы жүргізушілерді сақтандырудың тиімділігін арттырудың орнына, керісінше олардың қалтасына артық салмақ салып, бірқатар нормасы Конституцияға қайшы келіп отыр», - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев алдымен 2025 жылғы 7 сәуірден бастап өңірлер бойынша сақтандыру премиясы негізсіз күрт өскенін айтты.

«Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есеге өсіп, шамамен 78 мың теңгені құраса, ал Астанада бұл баға үш есеге өсіп, 112 000 теңгеге жетті. Яғни жаңадан көлігін тіркеген жүргізуші астаналық азамат енді 36 мың емес, 112 мың теңге төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады.  

Екіншіден, қаулыда сақтандыру коэффициенті бойынша азаматтар арасында теңсіздік туындататын нормаға жол берілген.

Мәселен, Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса – А класы (1.8 коэффициент), ал шетелдік азаматқа бірден жоғарғы класс13-ші санат (0.5 коэффициент) қолданылады. Нәтижесінде, еліміздің жас жүргізушісі 80 000 теңге төлесе, ал шетелдік азаматқа бірден 50  пайыз жеңілдік беріледі. Айырмашылығы жер мен көктей! Бұл Ата заңымызда бекітілген «заң алдындағы теңдік» принципін (12-бап) өрескел бұзып отыр.

Үшіншіден, өңірлік дискриминация тудыру қаупі бар. Қаулының 11-ші тармағында көлік тіркелген аумақтан тыс жерде болған жол-көлік оқиғасы үшін бонус-малус класы төмендетілетіні жазылған. Бұл азаматтардың республика аумағында еркін жүріп тұруы көзделген конституциялық құқығын (21-бап) шектейді.

Еліміздің унитарлық басқару принциптеріне қарама-қайшы мұндай қисынсыз норманы тиісті мемлекеттік орган қалай қабылдап отыр?!

Төртіншіден, мотоцикл, скутер және мопед жүргізушілері автокөлік иелерімен бір санатта қарастырылған. Бұл да қисынсыз. Мәселен, 2023 жылы скутер жүргізушісі 7 мың теңге төлесе, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап ол шамамен 50 мың теңгеге дейін өсіп отыр», - деді Е. Бейсенбаев.

Сонымен қатар ол мұндай жағдай жастар мен курьер ретінде жұмыс істейтін табысы төмен азаматтардың қалтасына едәуір салмақ салатынын жеткізді. Енді скутердің бағасымен шамалас сақтандыру тарифін жас азаматтар мүлдем алмау қаупі туындап отыр.

«Бұл ретте, елдегі халықтың үштен бірінің тағдырына тікелей қатысты мәселені Агенттіктің осыған жауапты мекемелермен, жүргізушілер қауымдастығымен талқыламастан, бір жақты қабылдауын қалай түсінуге болады?! Көлік министрлігі қайда қараған? Бұл жөнінде былтыр депутаттық сауал да жолдаған болатынмын. Жыл басында сақтандыру бойынша Үкіметке заң жобасын да қорытындыға жібердік. Бұл да ескерілмеген.  

Алдағы уақытта сан мыңдаған жүргізуші осыған қатысты мәселені төтесінен қойып, көтерілсе, оған кім жауап береді?!

Сондықтан жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тез арада келесі шараларды қолға алуды ұсынамын.

1. Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 87 қаулысын қайта қарау қажет.

2. «АМАNАТ» Фракциясының депутаттары тарапынан 2024 жылы дайындалған сақтандандыру мәселесін реттеуге арналған бастамашыл заң жобасына Үкімет қорытындыны тез арада дайындап, беруін сұраймыз.

3. Бастамашыл заң жобасында нақтыланған сақтандыру тарифін бекіту мәселесін тек заңмен реттеу позициясы бойынша оң қорытынды әзірлеулеріңізді сұраймыз», - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.  

Тэгтер:

Заң Елнұр Бейсенбаев депутат жүргізуші қаулы сақтандыру тариф Мәжіліс парламенті