Ұялы телефонның тіркелгенін қалай тексеруге болады

Бүгін, 01:53 / Админ
istockphoto

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мобильді құрылғылардың верификациясын қалай тексеруге болатынын хабарлады.

Бүгінде eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы ұялы телефонның тіркелгенін, я тіркелмегенін тексеруге болады. Сондай-ақ нақты құрылғыға байланған нөмірлердің санын білуге мүмкіндік бар.

IMEI-код тіркелген құрылғылар базасында бар болса, жүйе оның желіде тіркелгені туралы хабарлайды.

eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті пайдалану тәртібі:

eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту керек;

басты беттегі "Танымал қызметтер" бөлімінен "Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру" сервисін таңдау қажет;

жеке деректерге қол жеткізуге рұқсат беру керек;

тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу қажет.

www.gov.kz порталында қызметті пайдалану тәртібі:

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтына өту;

"Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру" сервисіне сілтеме немесе баннер арқылы кіру;

тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.

imei.rfs.gov.kz порталында қызметті пайдалану тәртібі:

rfs.gov.kz сайтына өту;

тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.

Бұдан бөлек, ЖСН арқылы тексеру функциясы да қолжетімді. Сондай-ақ IMEI-код бойынша абонентті тексеру сервисі бар, ол белгілі бір құрылғыны қанша абоненттік нөмір қолданғаны жөнінде ақпарат береді.