Қостанайда контент түсіру үшін бензинді төгіп, от жаққан тұрғын жауапқа тартылды

20 мамыр, 2025 / Дана Ізтілеуова
istockphoto.com

Бензинді төгіп, от жағу арқылы әдемі ролик түсіргісі келген қостанайлық азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында контент үшін от жаққан азаматтың ісі қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде Қостанай тұрғыны қаладағы «Тобыл Арена» жанындағы автотұрақта шамамен 300 грамм бензинді асфальтқа төгіп, оны өртеген.

"Бұл әрекетімен ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірді. Сот отырысында В. кінәсін мойындап, бұл әрекетті бейресми жобаның аясында бензиннің асфальтта жану процесін видеоға түсіру мақсатында танысымен бірге автотұраққа келгенін түсіндірді. Ол бұған дейін оператор жігітпен танысып, автокөлік қатысатын түсірілім жүргізуді шешкен. Бензинді өртегеннен кейін жалынды В. мен оның танысы бірге өшірген. Сот В.-ны ҚӘК-тің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады", – делінген хабарламада.

Тэгтер:

Қостанай Бензин контент жауапқа тартылу