Жәрмеңке жұмыссыздар санын азайтады
Жәрмеңке жұмыссыздар санын азайтады
Қостанай қаласының тұрғындары үшін партиялықтар бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеде жұмыс берушілер ретінде шамамен 20 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Іс-шараны «Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жұмыспен қамту Орталығымен бірлесіп ұйымдастырған.
– Бастапқыда біз бұл жәрмеңкені аз қамтылған және кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларының мүшелеріне арнап өткізуді жоспарладық. Бірақ, жәрмеңкеге әртүрлі санаттағы адамдар қызығушылықты танытты. Оның ішінде жастар да, зейнеткерлер де бар. Біздің басты міндетіміз – ізденушілер мен жұмыс берушілердің арасында өзара қарым-қатынас жасау үшін алаң құру, – дейді «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Олжас Дүйсеков.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өткен жылы мұндай жәрмеңкелердің арқасында 350-ден астам адам жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы жәрмеңке алғаш рет өтіп отыр. Жыл соңына дейін партия филиалы осындай 3 жәрмеңке ұйымдастыруды көздеуде.
Жергілікті тұрғын Светлана Анатольевна жәрмеңке өткізілетіні туралы жұмыспен қамту орталығынан хабардар болған. Азаматша «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша Рудный индустриалдық техникумын тәмәмдап, әр жылдары зауыттарда, ыстық цехте, краншы маманы ретінде жұмыс істегенін айтты.
– Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келдім. Мені қызықтырған бір-екі бос орын бар екен. Соның біреуі – мүгедектер қоғамы ұсынып отырған гүл отырғызу маманы бойынша бос жұмыс орны. Осы жұмысқа орналасамын деп үміттенемін, – дейді Светлана Анатольевна.
Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ботагөз Мұқанованың айтуынша, облыстық филиалмен бірлесіп өткізілетін осындай жәрмеңкелер жүйелі түрде ұйымдастырылып, халықтың қызығушылығын тудырады.
– Сұраныс бар, ізденушілер де, бос жұмыс орындары да бар. Бүгін жәрмеңке барысында бос жұмыс орындарын шамамен 20 кәсіпорын мен ұйым ұсынды. Айта кету керек, бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығы 420 ашық бос орындарын ұсынады. Жыл басынан бері Орталыққа жұмыс іздеп 1 502 адам жүгініп, оның ішінде 615 адам жұмысқа орналастырылды. Көбінесе бізге келген азаматтар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік салаларынан, техникалық мамандықтар ретінде жұмыс іздейді, – деді Ботагөз Мұқанова.