«Аға өлген жоқ!»: Белгілі журналист марқұм Бейсен Құранбектің дүниеден өткен күнін егіле еске алды

Бүгін, 07:35 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Белгілі журналист, продюсер Әлия Құдайберген өзінің Instagram-дағы парақшасында қазақ журналистикасының нар тұлғасы, марқұм Бейсен Құранбекті егіле еске алып, жазба жариялады.

«Бүгін ағаның өмірден кеткен күні екен ғой, мәңгілік өмірі жалғасқан күні. Сіз туралы көп адам естелік айтып жүр, аға. Сіз туралы көп адам өлең жазды, естелік жазды, кітап жазды… мен жаза алмадым, аға…

Сіз туралы көп адам әлі айтады. Көп жылдар сіз туралы айтыла береді әлі, аға. Мен де бір күні айтамын. Қазірге сіздің жаныңызда жүргендегі әр сөзіңіз, әр ісіңіз мен үшін бағдар. Соған қарағанда сіз өлмедіңіз. Көп естелік бар өзіңіз туралы. Ол туралы әлі жазамын. Баяғыда бір досыңыздың тойы болатын боп, сонда: “Әлеке, соны өзің ұйымдастырып берші” деп, үйіне алып барып едіңіз. Ұйымдастырып бердім. Риза болдыңыз! “Қолымнан келгенінше, аға. Сіз үшін!” дегенімде: “Еее, Әлеке, бұдан артық не керек?” деп, той біткен соң қалтама 200 доллар сап жіберіп едіңіз, қоярда қоймай… “Бұныңыз дұрыс емес аға, мен сізден ақы сұрамаймын” дегенімде, “той иелері берді, Әлеке. Әңгімені көбейтпе!” дедіңіз. Сол жалған боп шықты. Оны өзіңіз беріпсіз. Сосын білдім. Олар үшін сіз төлепсіз. Бірақ оны сіз сездірмедіңіз. Менің еңбегімді, шын көңілімді, ниетімді көріп тұрып, қарап отыра алмағансыз ғой, мен оны сосын білдім. Сондай едіңіз! Сіз ісіңізбен үлгі едіңіз!

Ешкімді жамандамаушы едіңіз, “Әлеке, жарайды енді…” дейтінсіз. Жамандап келе жатсақ… Сосын қысылып қалатынбыз. Сіз дүниенің құлы болмапсыз. Жаныңыз да азат бопты, қарап отырсам. Кететініңізді сезгенсіз-ау?! Бойыңызға жабысқан ауыр дертті естіген әуелгілердің бірі шығармын, маған айттыңыз. “Әлеке, бұл қалай сонда?!” дегенде: “аға, сіз өлмейсіз, басыңызды тік көтеріңіз” деп едім…

Аға өлген жоқ! Оның рухы бәрін сезеді. Сол үшін де… бұл ғазиз жан үшін өтірік айта алмаймыз. Сол үшін де көсіліп, бұрқыратып жаза алмаймыз. Бәрін көріп тұрғандай! Ол кісі шынайы болды. Ешнәрсені өтірік жасамайтын. Жаныңыз, рухыңыз шат болсын, аға!

Мен қазір апамның жанындамын. Өткенде ауруханаға түсті. Жаныммен қайғы боп кеттім.

Апам ағаны қатты жақсы көрді. Кеше жансақтау бөлімінен палатаға шықты. Бүгін “апа, бүгін Бейсен аға қайтқан күн екен” дедім. “Ее, жаным-ай, Алла панасына алсыншы, адамзаттың асылы еді ғой…” деді.

Рас, ол адамзаттың асылы еді. О дүниеңіз жарқырасын! Мәңгілік мекеніңізге жүзіңіз жарқырап жеткеніңізге сенімдімін, аға.

Артыңызда қалған ұрпағыңыз аман болсын. Жарыңыз Гүлмира әпке де өзіңіздей парасатты. “Әпкең менен әлдеқайда мықты ғой” дейтінсіз. Ол рас. Оған да шүкір!», — деп еске алды журналист.