Баку қаласындағы қылмыс: Сатушы оқушының қолынан қаза тапты

19 мамыр, 2025 / Өтей Торғайұлы
сурет: olaylar.az

Әзербайжан елінің астанасы – Бакудің Сабунчи ауданында болған Хаял Нагиевтің өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша ауыр қылмыстар жөніндегі Баку сотында тыңдау жалғасуда, деп хабарлады turkystan.kz.

Сот процесі судья Лейла Мамедова-Аскерованың төрағалығымен өтіп жатыр. Айыпталушы, 2008 жылы туған Эльджан Сулейманов сотта берген жауабында жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Оның айтуынша, оқиға алдында ол жұмысынан үйіне қайтып келе жатып, кафеде сыра ішіп, кейін бауырымен арақ ішкен. Ол бұған дейін марқұм Хаял Нагиевпен келіспеушіліктері болғанын айтты.

Эльджанның айтуынша, ол досымен бірге темекі алу үшін Хаял жұмыс істейтін дүкенге барған. Сол жерде ол бір қызды байқаусызда итеріп кетіп, Хаялмен жанжал туындаған. Олар дүкеннің бұрышына барып сөйлесіп жатқанда, Хаялдың шабуыл жасауы мүмкін екенін ойлап, оған пышақ сұғып жіберген. Айтуынша, ол тек аяқ тұсына соққы бергісі келген, алайда Хаял еңкейіп қалып, пышақ ішіне тиіп кеткен.

«Мен мас болдым, өзімді ақтамаймын. Өкініп отырмын», – деді айыпталушы.

Марқұмның заңды өкілі Нахид Нагиевтің айтуынша, бейнежазбаларда Эльджанның шабуыл жасауға дайындалып, әдейі арандату әрекеттерін жасағаны анық көрінеді. «Егер расында өкінген болса, ол жедел жәрдем шақырар еді. Сондықтан соттан Эльджанға әділ жаза тағайындауын сұраймын», – деді ол.

Қанды оқиға өткен жылдың 2 қазанында таңғы уақытта Сабунчи ауданының Рамана кентінде тіркелген. 2004 жылы туған Хаял Нагиев пышақ жарақатынан көз жұмған. Полиция қызметкерлері 2008 жылы туған, сол кезде мектеп оқушысы болған Эльджан Сулеймановты күдікті ретінде қолға түсірді. Оған Қылмыстық кодекстің 120.2.2-бабы — «Бұзақылық ниетпен қасақана кісі өлтіру» бойынша айып тағылған.

Келесі сот отырысы 20 маусымға белгіленді.

 

Тэгтер:

қылмыс оқушы Сот Әзербайжан Дүкен Өлім Баку сатушы