Калифорния университетінің информатика профессоры, Глория Марктың «Attention Span: A Groundbreaking Way to Restore Balance, Happiness and Productivity» атты жаңа кітабы бүкіл әлем назарын аударды. Автор бұл еңбегін ғылымға емес, күнделікті өмірде компьютер мен телефон пайдаланатын барша адамдарға арнаған, деп хабарлайды turkystan.kz Калифорния университетінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Глория Марк соңғы жиырма жыл бойы адам мен технологияның өзара байланысын зерттеп келеді. Ол қоғамда технологияны қолдану деңгейі артқан сайын, адамдардың назарын бір нәрсеге аудару уақыты азайып кеткенін дәлелдеді. Мысалы, 2004 жылы адам бір тапсырмаға орташа есеппен 150 секунд назарын аудара алса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш небәрі 47 секундқа дейін қысқарған.
Бұған түрлі хабарламалар, TikTok секілді алаңдататын қосымшалар мен «мультитаскинг» — яғни, бірнеше істі қатар атқаруға тырысу себеп болады. Бұл өз кезегінде өнімділікті төмендетіп, адамды психологиялық тұрғыдан шаршатады.
Нейропсихологтардың кеңесі бойынша:
- Телефонда «Мазаламаңыз» режимін жиі қосып отыру;
- 25 минуттық жұмыс, 5 минуттық үзіліс қағидасын ұстану;
- Бір уақытта тек бір істі атқаруға дағдылану – назарды сақтаудың тиімді тәсілі.
Глория Марктың пайымынша, өз назарын дұрыс басқара алған адам шын мәнінде өз өмірін де тиімді басқара алады. Бұл кітап – қазіргі ақпарат тасқынында адаспай, бақыт пен өнімділікке қол жеткізудің ғылыми негізделген жолы.