Аса ірі көлемде ақша жымқырған алаяқ Сауд Арабиясынан экстрадицияланды

Бүгін, 09:36 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Сауд Арабиясынан алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартылуы тиіс Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күдікті 2018-2023 жылдар аралығында алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы Алматы қаласында жәбірленушілердің 19 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденген.

Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы алматылық коммерциялық компанияның 82 млн теңге сомасына алдын ала төленген тауарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

Осы жылы ол Сауд Арабиясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

 

Тэгтер:

Алаяқ Экстрадиция қамауға алу