Алматы тауларында 5 студент жоғалып кеткен

Бүгін, 09:00 / Інжу Әлихан
ТЖМ

Алматы қаласының маңындағы таулы аймақта Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары бес адамды құтқарды. Құтқару операциясы Көк-Жайлау шатқалының аумағында, теңіз деңгейінен 1740 метр биіктікте жүргізілді, деп хабарлады turkystan.kz.

ТЖМ мәліметінше, 20–21 жас аралығындағы жастар тауға арнайы дайындықсыз көтерілген. Шыңды бағындыруды көздеген олар төмен түсе алмай, көмек сұрауға мәжбүр болған.

Қиын метеожағдайларға қарамастан – қатты жел мен жаңбырдың салдарынан көріну шектеулі болса да – Республикалық жедел-құтқару жасағы (РЖҚЖ) мен құтқару қызметінің мамандары жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Нәтижесінде барлық студенттер табылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Құтқарушылар оларды таудан түсіріп, Алматы қаласына жеткізді.

ТЖМ таулы аймақтарға серуендеуге шықпас бұрын ауа райы болжамын тексеріп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуді және қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді.

Тэгтер:

студент Алматы тау