"Коучтар көбейгелі ажырасу да көбейді": Танымал әзілкеш кино түсіруге не себеп болғанын айтты

Бүгін, 11:20 / Дана Ізтілеуова
©instagram.com/akbolatutebai

«Назар аудар» театрының мүшелері өздері түсірген екі киноның маңызына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақстан телеарнасына сілтеме жасап.

Олар бұған дейін «Маған назар аудар» (2023) және «Ұялам, но үй алам» (2024) атты екі кинотуындыны көрермен назарына ұсынған болатын.

 «Халықпен сөйлескен кезде оң бағасын беріп жатады. Олардың «Осы нәрсе қоғамда айтылуы керек нәрселер ғой» деп айтатындары бізді құлшындырады, осы салада жүргенімізге көп қуантады. «Ой, біз миллиард таптық» дегеннен гөрі осы жақсы. Бірінші киноны түсірген кезде халықтың «Осы кинодан соң біз ажыраспай қалдық», «Осы кинодан соң әйеліме деген құрметім өзгерді» деп жазғаны бізді қатты қуантады. Біразға дейін эйфорияда жүріп, әйтеуір елге пайдамыз тиіп жатыр екен ғой деп үлкен күш алып жүресің. Тағы да шығармашылық пен айналысқың кеп тұрады. Осы бізге мотивация береді», – дейді театр мүшесі Ақболат Өтебай.

Әзілкеш бірінші киноның астарында не жатқанын айтып өтті.

«Ол уақытта коучтар көбейіп кеткен кездер ғой. Анау былай дейді, мынау былай дейді. Коучтар көбейгелі ажырасу да көбейді. Ақыл айтады, отбасы ортасына түседі. Әйелі мен күйеуі өздерінен кінә іздемейді. Ортақ мәмілеге келмей жүрген екі адам да кінә бар ғой, екеуі бір деңгейге түсіп, сөйлессе бәрі жақсы болып кетеді ғой деген оймен түсірдік. Елімізде ажырасулар көп болып кеткен секліді сол кезде. Әлеуметтік желіде қарасаң, бәрі ажырасып жатқан секілді. Үйінде 4-5 баласын бағып, ата-анасының сыйлап, күйеуінің разылығын алып жүрген қазақтың мықты жеңгелері мен келіндері бар ғой. Солардың да мәртебесін көтергіміз келді. Көбі Дубайға барып, күшті болып келген кезде, үйде отырғандар өз өмірі онша емес, бақытсыз сияқты санайды ғой. Негізінде қанша карьера қусаң да, түптің  түбнде дұрыс ұрпақ тәрбиелеп, айналасына сыйлы болған келіндердің абыройы артып, олардың өміріне де бәрі қызығады деп ойлаймын», – дейді әзілкеш.

Ал екінші киноны түсіруге сол кезде белең алған мәселе себеп болса керек.

«Екінің бірі үй алу үшін ажырасып жатқан жоқ қой. Бірақ сондай кезеңдер болды. Үй алғысы келіп, құжат жасап, өтірік ажырасқандар болды. Өз-өзін алдайды. Үкіметті алдайды. Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Біз екінші кинода мұны әдемі әзілмен жеткізе алдық деп ойлаймын. Отбасылық құндылықтарды тігіп, ойын ойнауға болмайды деген мағына жатыр ол киноның астарында», – дейді А.Өтебай.

Тэгтер:

Ажырасу кино әзілкеш коучтар Ақболат Өтебай