Жаңалықтар

«Kazsat-пен» жасырынбақ ойнаудың жайы

ашық дереккөзі

«Kazsat-пен» жасырынбақ ойнаудың жайы

Таяуда «Kazsat-2» жер серігі аяқасты істен шығып, жұртты әбігерге салған болатын. «KazSat-2» жүйесін пайдаланатын еліміздің 13 байланыс операторы мен хабар тарату саласы қызметін тоқтатты. Көпшілік одан көз жазып қалдық деп байбалам салса, бірі оның мүлде істен шыққанын топшылап жатты. Десе де ақау Жердегі басқару жүйесінен болғандықтан, бірнеше сағаттан кейін жұмыс қайта жанданды. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, қазақстандық телеарналардың басым көпшілігі штаттық режимде жұмыс істеді. Себебі хабар тарату «KazSat-3» жер серігі арқылы жүзеге асады. «KazSat-2» жер серігінің жұмысын қалпына келтіру үшін барымызды салып жатырмыз. Облыстық телевидениеде ғана қиындықтар тууы мүмкін. Себебі телеарналардың барлығы дерлік «KazSat-3» жер серігі арқылы хабар таратуда. Бұл жер серігінің жұмысында ешқандай ақау жоқ», – деп түсіндірді министр. Осыдан екі жыл бұрын да аталмыш спутник істен шығып, отандық ғарыш мамандарының зәресін ұшырған болатын. Әсілі, «Kazsat-1» жерсерігінің  ғарыш түнегіне сіңіп, ғайып болғаны барлығына сабақ болса керек. Сол кезде алғашқы жер серікті жасауға жұмсалған 65 миллион доллар желге ұшқан еді. Осы оқиғадан кейін жасанды жер серіктің жұмыс істеуіне қатысты сын көп. Қалай болғанда да осыдан алты жыл бұрын «KazSat-2» ғарыш кеңістігіне ұшырылды. 2015 жылы аталмыш жер серік тағы да істен шығып, ғарыш саласы мамандарының зәресін ұшырған еді. Онда да жылдам жөнделіп, жұмысын жалғастырған.  Осы жолы мамандар жер серіктің неден бұзылғанын нақты анықтай алмады. Отандық ғарыш мамандары бұл іске «Республикалық ғарыш байланысы» орталығының, жер серік жасауға қатысқан компанияның мамандарын жұмылдырды. Отандық жер серіктік телехабар таратудың аналогтық эфирі мен өңірлердегі жергілікті арналардың таратқыш желілері сигналды дұрыс қабылдай алмады. ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитет төрағасының орынбасары Баубек Оралмағамбетовтің айтуынша, спутник жоғалған жоқ: «KazSat-2» аппаратын біз жоғалтқан жоқпыз. Біз әрқашанда ол аппаратпен байланыста болдық. Керек командаларды сол республикалық ғарыштық байланыс орталығының мамандары беріп тұрды. Тек штаттан тыс жағдай орын алды. Қазір бәрі қалпына келді», – деді ол. «KazSat-2» қазақстандық жер серігі – Қазақстанның «KazSat» сериялы спутниктерінің екіншісі, коммуникациялық жасанды жер серігі. Жасанды жерсерігін жасауды Ресейдің М.В.Хруничев атындағы ғарыштық-ғылыми өндірістік орталығы мойнына алған еді. «KazSat-2»-ге қатысты келісімшарт 2006 жылы жасалып, 2011 жылы ғарышқа ұшырылған болатын. Бұл аппаратты құрастырып, ғарыш кеңістігінде шарықтату үшін 115 милион долларлық бюджет жұмсалды. Оның басты қызметі Қазақстанаумағындағы спутниктік байланыс (интернет, желілі телефон және ұялы байланыс) пен телехабар тарату, ақпарат пен деректер алмасу жұмыстарына жағдай туғызу. Сол жылдың аяғында ресейлік құрастырушылар жер серікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсырды. Қазақ «Қайтқан малда қайыр бар» деп ырымдайды. «Kazsat-2» жерсерігінің жоғалуы көпшіліктің көңіліне күдік ұялатты. Кейбір ақпарат көздері тағы бір жер серікті желге ұшырдық, бірінші жерсеріктің кебін киді дескен болатын. Тіпті, жер серік жасауды Ресей мамандарына емес, жапон, қытай елдерінің ғарыш саласы мамандарына тапсыру керек еді деген пікірлер де айтылды. Әйткенмен, жерсерігі жұмысын жалғастырып, көңілдегі күдікті сейілтті. Бұл жайт ғарыш саласы мамандарының сақтығын тағы бір тексеріп өткендей болды...