Шығыс Қазақстан облысына қауіп төніп тұр

Бүгін, 06:10 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында 15 мамырдан сел қаупі жоғары кезең басталды. Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандарында және Риддер қаласында барлығы 13 сел жүрудің қауіпті ошағы бар.

Аталған аудандардағы таулардың жоғарғы жақтарында 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мореналық көл қалыптасқан. Сел қаупі бар кезеңде "Қазселденқорғау" мамандары көлдердің жай-күйін, сел мен сырғыма ағындарын қалыптастыруға ықпал ететін факторларды бақылауда ұстайды.

"Облыста сырғыма қаупі бар 9 учаске бар: Громотуха және Уба – Риддер, Бұқтырма, Хамир, Черновая – Алтай ауданы, Бұқтырма – Катонқарағай ауданы, Кендірлік – Зайсан аудандары. Қауіпсіздік мақсатында сел жүру қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқандары, сырғыма жүру қаупі бар учаскелерде 18 қалқан орнатылды. Жергілікті атқарушы органдарға, қауіпті учаскілерде орналасқан кәсіпорын басшыларына, жеке үй иелеріне ескерту парақшалары таратылды", - делінген хабарламада.

Сел, сырғыма жағдайына мониторинг жүргізу үшін 9 маусымдық гидропост және жыл бойы жұмыс істейтін 1 гидропост орнатылған.

Мамандар тұрғындарға сел, сырғыма жүру қаупі жоғары кезеңде тауға шығуға болмайтынын ескертеді.