Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №57 мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды алып кірмек болған азамат ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 14 мамыр күні мекеменің бақылау-өткізу бекетінде болған. Қызметкерлер колония аумағына кірген жүк көлігін тексеру барысында күдік тудырған қара түсті пакетті анықтады.
Тексеру нәтижесінде оның ішінен 16 дана ойын картасы, "сувенирлік өнім" деген жазуы бар 200 дана долларлық купюра, иісі жоқ белгісіз ақ ұнтақ құйылған 25 мл көлеміндегі құты және өзге де тыйым салынған заттар табылды. Құтыдағы ұнтаққа қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалды.
Тексеру барысында анықталғандай, жүк көлігінің жүргізушісі бұл буманы Алматы облысының тұрғынынан алғанын айтқан. Аталған оқиға бойынша жедел-тергеу тобы шақырылып, тиісті шаралар қабылданды.