Жаңалықтар

Әшекейдің де айтары бар

ашық дереккөзі

Әшекейдің де айтары бар

Жақында  біз тұрып жатқан үйдің  қарама-қарсысында орналасқан мектептің  қақпасына  қарай шамамен  4-5-сыныптарда   оқитын екі  қыз бала аяңдап  бара  жатты.  Үстіне  қазақтың  ұлттық киімі –  қос етек  желбірі бар, сарғалдақ түстес әдемі  көйлек киген. Көйлектің  сыртында   қызыл камзолдары бар.  Шамасы  жақында  болатын Наурыз мерекесіне  арнап  көрініс қоятын болуы керек.  Көзге  оттай  басылатыны – шаштарына  таққан шашбауы.  Сыңғыр-сыңғыр еткен  шолпыларына   қастарынан өтіп бара  жатқан шағын ауданның  асығыс  жұрты  еріксіз бұрылып, қарап  өтіп  жатты.  Бір сәтте  әлгі екі  қыздың  ойына  әлдене  түсті  ме екен,  кешігіп  қалмайық дегендей  бір-біріне  ымдады    да  мектептің есігіне  қарай  жүгіре  жөнелді.  Шаштарындағы  шашбауы  сыңғырлаған нәзік  үні ұзап  барып,  ары  қарай үзіліске шыққан оқушылардың  шулаған даусына  ұласып, естілмей кетті.  Бір кездері өзім  де  мектепте  оқып жүрген кезде  химия  пәнінен беретін Жәмилә  апайдың: «Қыздар,  шашбаудың  даусын қатты шығармай,  барынша  сылдырлатпай  жүреді, ұят болады» деген ескертпесі  есіме  түсіп, еріксіз жымидым. «Қызға қырық үйден тыю» деп, қыз баланың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған ата-бабамыз қызына таққан әшекейінің де мән-маңызына ерекше көңіл бөлген. Қазақ қыздарының басына үкілі сәукеле кигізіп, құлағына сырға тағуы, саусағына сақина, білегіне білезік киюі, беліне белдік буынып, шашына шолпы қадауы олардың парасатының биіктігін, эстетикалық талғамының жоғарылығын танытады. Ал осы қымбат әшекей бұйымдарды тағудың өзіндік қатаң қағидасы бар. Сылдыр, сылдыр, сылдыр… Қанымды қайнатты құрғыр. Шық-шық жүрекке тиеді, Күлпара талқан боп сыңғыр, – деп жырлаған Мағжан ақынның өлеңінен де шашбау таққан қыздың аса көрікті, сымбатты, қылықты көрінетінін байқаймыз. «Шашты жерге тастама!», «Шашыңды жинап жүр!» – деп тыйым салған ата-бабамыз адамның шашын кез келген жерге тастамайды. Өйткені әйел шашының ұшында тіршіліктің күші бар деп есептелген. Осы наным-сенімге сәйкес қыздардың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп қояды. Оның ұшына шолпы, шашбау байлайды. Шашбау – өрілген бұрымның ұшын бекітетін сәндік бұйым. Ол күміс тиын, маржан қадалған бауы бар күйінде кездеседі. Шашбауды күмістен қақтап жасайды, оған түрлі-түсті асыл тастарды орнатады, моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы бауы бар түрлері жиі тараған. Ол жасалған материалына байланысты алтын шашбау, күміс шашбау, тілла шашбау деп аталады. Бұрындары қазақтар «шашбау шаш арасындағы жын-шайтан-ды қашырады» – деп иланған. Ал шолпы болса, күміс немесе алтын тиындар қадалған шашбау. Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Шолпыны қыздар мен жас келіншектер тағады. Шолпының түрлері: үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, тағы сол сияқты. Олардың салмағы 3 келіге дейін жеткен. Жас қыздар үшін кішкене күміс қоңыраушаларды үзбелеп те шолпы жасайды. Оның сыңғырлаған үні әдемі жарасып тұрады. Шолпы бойжеткеннің бойында ойлылық, зерделілік, биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады. Кеудесіне өңіржиек, шашына шолпы таққан қыздың мойны құрықтай болып өскен, бойын тік ұстаған, дене бітіміне көңіл бөлген. Анасы қашанда қызына: «Қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді» – деп тәрбиелеген. Шаштеңге – күміс, алтын тиындарды тізбелеп жасаған шолпының бір түрі. Шаштеңгені қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін тағып қояды. Өйткені кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан-жағындағыларға «хабарлап» тұрады. Бойжеткен қыз баланың жүрісін, қимылын жөндеу үшін қоңыраулы шолпыны қолданған. Қоңыраулы шолпыны таққан қыз баланың келе жатқанын естігенде, үйдегі үлкендер  қалжыңын тоқтатса, бұл дыбыс жастарды елең еткізіп,  жинақы отыруға тәрбиелеген, екінші жағынан қыз балаға деген құрметті білдіреді. Ал бойжеткен қыздар мен келіншектердің үй шаруасын жасағанда бұрымды шаң-тозаңнан, күн көзінен қорғау үшін киген шашқап деген бұйымы да болған. Ол мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты көк, қызыл, қара түсті маталардан тігіліп, желкеден белге жететін етіп бұрымның жуандығына қарай пішіліп тігіледі, кестеленеді. Жоғары және төменгі жағынан ою-өрнекпен безендіріліп, зер, оқа, моншақпен әшекейленеді. Оны жас келіндер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, мал сауу сияқты жұмыстарға араласқан кезде, тазалық сақтау мақсатында киген. Бір ғана шашқа арналған сәндік бұйымдардың өзі сан түрлі. Шашбауды қазіргі таңда көбіне тек арнайы концерттік бағдарламалар мен ұлттық мерекелерде ғана ара-тұра ұлттық киім киген қыз-келіншектердің шашынан көруге болады. Ал күнделікті тұрмыста тағып, қолданып жүргендер ұлттық тәрбиені бойына терең сіңіріп, мықтап сақтап қалған ілеуде бір отбасының саусақпен санарлық қана қыздары. Шашбаудан гөрі қазақы сырға мен алқаны, жүзік пен сақинаның сан алуанын бүгінгі қазақ қыздары көп қолданады. Бірақ кейбір нәзік жандылардың баданадай қылып құдағи сақина, қалыңдық сақиналарын орынсыз тағып жүргендерін де көресің. Негізі сақинаның да жас ерекшеліктеріне қарай жас қыздарға, келіншектерге, егде жастағы әйелдерге арналған түрлері болатынын біліп, соған сай қолданған жөн. Алдымен, сақина мен жүзіктің айырмасын айтсақ, асыл тастардан көз қондырылғанын жүзік деп, тасы жоқ тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарғанын сақина, көзі жоқ шығыр түріндегісін балдақ деп атайды. Сақина мен жүзіктердің киелілігі мен қасиетін бағалауға қатысты қазақтар арасында кең тараған түсініктер жиі кездеседі. Ертеде қазақтар әйелдің қолында не жүзігі, не сақинасы болуы керек деп санаған, ол болмаған жағдайда дайындаған тағамын арам деп білген. Күмістен сақина, жүзік салған әйел қолынан ішкен сусынды қонақ адал деп, сүйсініп ішкен. Шынында да күмістің емдік қасиеті қазіргі медицинада дәлелденген. Ал қазақ емшілері өте ерте замандарда-ақ күмістің қасиетін ерекше бағалаған. Ғалымдар болса, күмістің бұл қасиеттеріне ХІХ ғасырдың аяғында ғана мән беріп, зерттей бастапты. Күміс (лат. Argentum, Ag) – элементтердің периодтық жүйесінінің І тобындағы атомдық нөмірі 47, атомдық массасы 107,88 болатын химиялық элемент. Күмістің ерекшелігі сумен әрекеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады. Күміс тек қана ауру тудыратын элементтерді жойып қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды шығарады. Тіпті, ағзада аз ғана күміс жетіспеушілігі байқалған жағдайда адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады. Шетелдік дәрігер Роберт Бекер күміс иондары адам ағзасындағы жасушалардың көбеюіне әсер ете алатындығын дәлелдеген. Ол өзінің ғылыми кітабында күміс иондарының қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдардың жасушаларын қайта тірілтіп, көбеюіне көмегі барлығын жазған. Ал қазақ халқы күмістің пайдасын қағазға қаттап жазбағанымен күнделікті өмірінде жетік білген. Қазақтың ұғымында күміс тазалықтың, адалдықтың белгісі. Тек әшекей бұйымдар ғана емес, тұрмыс заттары, жиһаз, ер-тұрмандар да күміспен күптелген. Күмістен жасалған бұйымдардың тәрбиелік мәніне тоқталсақ, алдымен құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік туралы сөз қозғағанымыз дұрыс. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бұл жүзік – бақыттың, тәуелсіздіктің, құс тәрізді еркіндіктің белгісі. Дәстүр бойынша ұзатылып бара жатқан қызының қолындағы құстұмсық жүзікті анасы шешіп алып, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығына салып жіберетін болған. Бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан қыздың төркін жағынан оның қал-жағдайын білуге барған інілері осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағайым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, ауыл арасына кішігірім той жасаған. Қазақ дәстүрінде келін болып түскен қызға енесі арнайы тіккен отауың биік болсын, деп отаужүзік соқтырған. Атынан-ақ білініп тұрғандай, отау жүзік – отауды бейнелейді. Бұл жүзікті қалыңдықтың саусағына күйеуінің ұрпағын жалғастырушы ретінде кигізген. Жүзіктің үсті конус тәрізді болып жасалады. Яғни, біздің түсінігімізде сәндік бұйым болып есептелетін жүзіктердің мағыналы мақсаты болатындығын ата-бабаларымыз ұстанған осы салттан көруге болады. Қазақ халқының салтындағы құдағиларға ұсынылатын құдағи жүзік  – зор сый-құрметтің белгісі. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Екі саусаққа қатар киілетін, екі шеңберден тұратын жүзік үстіңгі беті біртұтас болып келетін ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Ерекшелігі – жас жұбайлардың жұбы жазылмасын, екеуі бірігіп тату отбасы болсын дегенді меңзейді. Құдағи жүзікті қалыңдықтың шешесі құдағайына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартатын. Құдағи жүзік – адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. «Құлағыңа алтын сырға» деп ескертіп, «сырға салу» дәстүрін қалыптастырған қазақ халқының ғұрпында, сырғаның алар орны тіптен ерекше. Қызын қырқынан шығара салысымен сырғалығын тарының дәнімен уқалап, етін өлтіріп, сырға тағуға дайындаған. Қазақта қыз баланың құлағын көбіне жеті жастан асқанда тескен. Құлағы тесілген қыз, кешегі қуыршақ пен доп қуалап ойнайтын жас бала емес. Сырға салу ертең келін болуға дайындықтың алғашқы қадамы іспеттес. Үлкендер «Сен енді сырғалы қыз болдың» деп ақырындап түсіндіріп, үй тіршілігіне баулыған. Құлаққа сырға таққан уақытта «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын, ауырған жағдайда, қойдың сыңғырығын жақ» дегендей жақсы сөздермен ырымдап, тіл- көзден сақтар тұмар болсын деп те тағатын болған. Ал сырға салынған қыз өз дәрежесіне сай қызмет жасап, үй тірлігіне машықтана бастаған. Сырғасы анадайдан «менмұндалап» тұрғандықтан оған бөгде жігіттер көз сала алмаған. Қазақ әйелдері сырғаны бала кезінен қартайғанша тағады. Сырғаның да түрлері және тағу реті бар. Сырғалар негізінен екі топқа бөлінеді: жалпақ сырғалар, көлемді сырғалар, сабақты сырға, салпыншақ сырға, сирақты сырға, аяқты сырға, тамшылы сырға, шашақты сырға болып кете береді. Орыс зерттеушісі И.Г. Андреев былай деп жазады: «Қазақ әйелдері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді, осы арқылы әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартқан. Саусақтарына жүзікті молынан салады: ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады». Осы деректерге қарағанда, қазақ тұрмысында мұрынға сырға тағу дәстүрі болғандығын болжай аламыз. Қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында күннің, жұлдыздың, айдың, ал салпыншақтарында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуы өзінен тарайтын ұрпақтың көп болуын меңзейді. Орта Азия әйелдері көлемі үлкен сырғалар таққан. Көлемі ұлғайған сайын сырға бағалы әрі әсем болып табылатындықтан әйел мәртебесін асқақтата түскен. Бұндай ауыр күміс сырғаларды жиын-тойларда ғана таққан. Қазіргі таңда көңіл қуантарлық бір жайт, қазақтың ұлттық әшекей, сәндік бұйымдары қыз-келіншектердің арасында қайта сәнге айналып, тіпті үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дегенмен үйде де, тәрбие ошақтарында да әшекей бұйымды тағып қана қоймай, оны ретімен, мән-мағынасын түсініп тағу жағы көбірек үйретілгені дұрыс.

Жадыра Жақсытай