Қостанай теміржол станциясында қайғылы жағдай бола жаздады

15 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

14 мамырда сағат 17:10 шамасында Қостанай теміржол станциясындағы жаяу жүргіншілер көпірінде ер адам өмірімен қоштасуға оқталған, деп хабарлады turkystan.kz.

Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік қызметкері Арсен Әбілмажинов дер кезінде жағдайды байқап, жедел әрекет етті. Сол сәтте 18 жастағы Аян Карбаев есімді студент те жағдайды байқаған. Полицейдің: «Ұста оны!» деген айғайын ести сала, жас жігіт өз қауіпсіздігін елеместен, батыл қимылмен әлгі азаматты қолынан шап беріп ұстап қалды.

Азамат қатты қарсыласқанына қарамастан, оқиға орнына дереу жеткен полицей бар күшін салып, көпірдің қоршауынан асып тұрған ер адамды қауіпсіз жерге алып шықты. Қатты күйзелісте болған азаматты сабырға шақырған соң, Арсен Әбілмажинов бұл туралы бірден кезекші бөлімге хабар берді.

Жедел түрде жеткен тергеу тобы мен Қостанай станциясының желілік полиция бөлімінің басшылығы жағдайдың мән-жайын анықтады. Тексеру нәтижесінде 29 жастағы қала тұрғынының ауыр психологиялық жағдайда болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оған тиісті психологиялық көмек көрсетілуде, әрі оқиғаның барлық аспектілері жіті тексеріліп жатыр.

Бұл оқиға — полиция қызметкері Арсен Әбілмажинов пен студент Аян Карбаевтың бірігіп жасаған қайсарлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі. 2024 жылғы тамызда ішкі істер органдарына қабылданған Арсен Серікұлы кәсіби шеберлігін ғана емес, биік адамгершілік қасиеттерін де көрсетті. Ол қысылтаяң сәтте дұрыс шешім қабылдап, бір адамның өмірін аман алып қалды.

Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті Аян Карбаевтың әрекеті де — ерлікке пара-пар қадам. Ол сол сәтте көмектесуге бел буып, адам өмірін сақтап қалуға атсалысты.

Департамент басшылығы қос азаматтың ерлікке толы әрекеттерін жоғары бағалап, оларды марапаттау туралы шешім қабылдамақ. Бұл оқиға — адам өмірінің құндылығын, ал жанашырлық пен жауапкершіліктің қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі.

Қоғам мүшелерін айналасындағы жандарға бейжай қарамауға, қиын сәтте көмек қолын созуға және қажет болса, мамандардан жәрдем сұраудан тайсалмауға шақырамыз. Себебі өмір — ең үлкен құндылық, ал оны сақтау — бәрімізге ортақ міндет.

 

Тэгтер:

Қостанай суицид теміржол