Аустрияның Фельдкирх мемлекеттік ауруханасында бірегей ота жасалды. Дәрігерлер тобы 50 жастағы фермердің бас бармағының орнына башпайын тігіп берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Kronen Zeitung басылымының мәліметіне сенсек, фермер бас бармағын сепсис салдарынан кестіруге мәжбүр болған.
«Бір қарағанда бұл кішігірім жарақат секілді көрінген. Алайда жағдай ушығып кетті», – дейді дәрігер Кристиан Кнехт.
Оның айтуынша, 8 сағатқа жалғасқан ота аймақта жасалған ең ірі процедура саналады. Хирургтерден құралған екі топ бір уақытта жұмыс істеген: бір топ аяқтан башпайды алуға күш салса, екіншісі бас бармақты алып тастау жұмысымен айналысқан. Кейін олар орын ауыстырып, сүйектер, сіңір, қан тамырлары мен жүйке талшықтарын мұқият біріктірген.
«Бұл отаның шеберлігі – қолдың қызметін қалпына келтіру мен аяқ қызметінің қозғалуы арасындағы тепе-теңдікті ұстауда», – дейді хирург Кнехт.
Белгілі болғандай, фермер отадан кейін 10 күн ауруханада жатып, үйіне оралған. Көп ұзамай жұмысын қолға алған. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа бас бармақтың сезімталдығы бір жыл бойы қалпына келеді. Бірақ қазірден бастап шағын заттарды ұстай алады.