Олжас Бектенов Қостанай облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын тексерді

15 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан
Үкімет. Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президенттің Ұлттық құрылтай мен Қауіпсіздік Кеңесінің IV отырысында айтылған автожол желісін дамыту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Арқалық қаласында Премьер–министр өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған «Орталық – Батыс» күре жолын салу жөніндегі жобаның жағдайымен танысты. Жаңа автомагистрал Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жоба халықаралық стандарттарға сай заманауи жол салуды көздейді. Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев үш жол айрығын, 20 көпірді, теміржол арқылы өтетін бір жол өткелін, елді мекендерге кірме жолдар салу жоспарланып отырғанын баяндады. Нәтижесінде, Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқарып, 5 сағатқа жылдам жетуге мүмкіндік береді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, трассаның техникалық санаты III деңгейден II деңгейге көтеріледі. Жаңа бағыт 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Өткізу қабілеті тәулігіне 3 мың автокөлікке жетеді. Жалпы, жобаны іске асыру қаланы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі, сондай-ақ Орталық Азия мен Ресей арасындағы негізгі логистикалық торапқа айналдырады. Бұл сенімді көлік қатынасын қамтамасыз етіп, өңірдің бизнесі мен экономикасын дамытуға серпін береді.

Премьер-министр автожол құрылысын бір ай ішінде бастауды тапсырды.

«Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба. Бүкіл еліміз үшін, Торғай өңірі үшін маңызды жол. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау маңызды. Бір ай ішінде жоба бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жаңа жол бойында бизнеске мүмкіндіктер ашылады. Бұл – өңірге жаңаша серпін беретін жоба. Сондықтан министрлікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министрге «Жезқазған – Петропавл» республикалық автожолындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жобада жолдың 71 шақырымында жол жабынын жаңарту, 54 су өткізу құбырын орнату көзделген. Жұмыстар Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын учаскені қамтиды. Жобаны жүзеге асыру оңтүстік өңірлерден елордаға дейінгі қашықтықты 600 шақырымға, Қостанай мен Петропавлға дейінгі қашықтықты 450 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 2,5 мың автокөлікке дейін артады.

Сонымен қатар Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары да тексерілді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов нысанның ұзындығы 2,5 мың метр және ені 50 метр ұшу-қону жолағы, сондай-ақ өлшемі 200X300 м перрон бар екенін баяндады, бұл АН-24, Q400, CRJ 200 сияқты әуе кемелері түрлерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаңа терминал салу, сондай-ақ ұшу-қону жолағын, такси жолын және перронды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін өткізу мүмкіндігі сағатына 70 жолаушыны құрайды.

Олжас Бектенов әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. Іске асырылып жатқан жобалардың стратегиялық маңызы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың қатынауын едәуір жеңілдетудіің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті зор және өңірдегі негізгі транзиттік хабқа айналуы тиіс. Біз тиісті инфрақұрылымды түбегейлі дамытып жатырмыз – бұл стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Жобаларды қысқа мерзімде, сапасын жоғалтпай жүзеге асыру маңызды. Бұл өңірлердің дамуына айтарлықтай серпін береді және экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қостанай облысында Премьер-министр сондай-ақ жылумен үздіксіз қамтамасыз ету және өңірді жаңа жылыту маусымына дайындау жөніндегі шаралардың іске асырылу барысын тексерді. Атап айтқанда, Арқалық ЖЭО қызметімен және жылу желілерін жаңғырту жоспарларымен танысты. Станса 375 ғимаратқа қызмет көрсетеді. ЖЭО коммуникациялардың тозу деңгейінің жоғарылығына байланысты тәуекелі жоғары қызыл аймақтағы жылу көздерінің тізіміне кіреді. Әкімдіктің мәліметінше, соңғы екі жылда 17 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды, бұл 2024-2025 жылыту маусымын апатты жағдайда тоқтап қалуынсыз өткізуге мүмкіндік берді. Биыл тағы 9,9 шақырым жылу трассасын жөндеу жоспарланып отыр. Жаңғырту жобасын іске асыру қорытындысы бойынша Арқалықтағы жылу желілерінің тозуы 12%-ға төмендейді деп күтілуде. «Арқалық жылу энергетикалық компаниясы» МКК директоры Жасұлан Әбдірахманов сұйық отын ретінде пайдаланылған мазуттан көмірге көшудің арқасында кәсіпорын шығындарын 2,2 млрд теңгеге азайтуға қол жеткізілгенін баяндады.

Жалпы облыс бойынша 2024-2025 жылыту кезеңіне дайындық шеңберінде жабдыққа, жылу желілеріне және электр беру желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Өңірде тозу көрсеткішін әрі қарай төмендету мақсатында биыл жалпы ұзындығы 27,9 шақырым жылу трассасын қайта жаңарту бойынша 22 жоба іске асырылуда.

Сонымен қатар Премьер-министрге өңірдегі «жасыл» энергетиканы дамыту бойынша жоспарлар таныстырылды. Қостанай облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салу жөніндегі бастамаға назар аударылды. 2025–2028 жылдары 165 жел генераторын орнату қарастырылуда. Жел электр стансасының құрылысы көміртегі қалдықтарын жылына 3,3 млн тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында қуаттылығы 150 МВт болатын үш жел электр стансасының құрылысы көзделген. Жалпы, алдағы екі жылда ЖЭК саласында жиынтық қуаты 1,2 ГВт болатын 6 жаңа жоба іске асырылады. Бастамаларды жүзеге асыру қорытындысы бойынша өңірде электр энергиясын өндіру 10 есеге артады. Электр энергиясын қосымша өндіру өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жоспарларды ескере отырып, өңірдің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік береді. 2028 жылға қарай Қостанай облысының баламалы энергия көздерінің жалпы өнімділігін 1,3 ГВт-қа дейін жеткізу жоспарлануда.

 

Тэгтер:

Қостанай облысы Үкімет