Қонаев қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті. Жарысты «AMANAT» партиясының қолдауымен Алматы облысы әкімдігі және Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «JORYQ» ат спорты федерациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов және «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ұлттық спорт түрлерін дамыту – бұл тек қазақтың салт-дәстүрін сақтау және мәдени мұраны насихаттау ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан көшпенділер өркениетінің бесігі, дамыған орталығы екенін, түрлі халықтар мен мәдениеттерді біріктіретінін айтты. Мұның жарқын мысалы – елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. «AMANAT» партиясы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Партия жыл сайын халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыруға атсалысады. Біз қоғамды ұлттық мәдени-тарихи құндылықтар төңірегінде топтастыруға ұмтыламыз. Сонымен қатар Қазақстанда этнотуризмді дамыту аса маңызды. Партиямыздың «Ұлттық мұра» жобасы жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге, ұлттық спортты, мәдениетімізді, өнеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы қастерлі құндылықтарымызды дамытуға бағытталған», – деді Дәулет Кәрібек.
Бес күнге созылған марафон нәтижесінде бірінші орынды Астана қаласының командасы иеленді. Олар 500 шақырым қашықтықты 31 сағат 19 минут 5 секундта жүріп өтіп, төзімділігі мен шеберлігін дәлелдеді. Екінші болып мәре сызығын 32 сағат 26 минут 57 секундта Қырғызстанның (бірінші) командасы кесіп өтті. Ал жүлделі үшінші орынды Ұлытау облысының командасы иеленді. Олардың уақыт көрсеткіші – 32 сағат 37 минут 47 секунд.
Биыл жарысқа Мажарстан, Иран, Қырғыз Республикасы, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасынан келген шабандоздарды қоса алғанда, барлығы 19 команда қатысты. Алайда мәреге тек 5 команда ғана жетті. Бұл – аса қатал тәртіп пен жарыс жолының қаншалықты қиын екенінің жарқын дәлелі.
Қазақстан мен шет елдің ең үздік шабандоздары бас қосқан «Ұлы дала жорығы» марафоны ұрпақтар сабақтастығының, қайтпас қайсар рухтың және ұлттық құндылықтарымызға, дара дәстүрімізге деген құрметтің символына айналды. Бұл – еліміздің спорттық және мәдени күнтізбесіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі.