Бүгін – Халықаралық отбасы күні

Бүгін, 08:28 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, челлендж бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жүрекке жылы мереке отыз жылдан астам уақыт бойы отбасы атты ең қастерлі құндылықты еске салып, насихат етіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген бұл күн – әрбір адам үшін маңызды мәселелерге назар аударуға, яғни қамқорлық, қолдау, махаббат және балаларымыздың жарқын болашағы секілді ізгі құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы өмір сүруде. Мемлекет үшін отбасын қолдау – жай ғана басымдық емес, бұл – тұрақты дамудың берік негізі. Елімізде ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп, қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалуда.

Бұл ретте жаңа ғана шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасыларға ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсету маңызды. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңнама жетілдіріліп келеді. Қолдау тек сөз жүзінде ғана емес, әлеуметтік жәрдемақылар мен бала күтіміне арналған төлемдер арқылы нақты көрініс тауып жатыр. Бүгінде елімізде 112 Отбасы қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар азаматтарға өмірлік маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіп отыр.

Оның айтуынша, отбасы — қоғамның тек бір бөлшегі ғана емес. Бұл — бізді жақсы көретін, түсінетін, қабылдайтын аяулы мекен.

Дәл осы жерде тұлғалық қасиетіміз қалыптасып, құндылықтар мен армандарымыздың іргетасы қаланады. Отбасы берік болса — мемлекет те қуатты болады. Балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеп отырған, отбасылық дәстүрді ұқыппен сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан әрбір жанға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер — еліміздің тірегі, жарқын болашақтың негізісіздер.

Барша отбасыға шуақты өмір, мықты денсаулық, жылылық пен бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта қуныш пен шаттық мол болсын!

Бүгін – тағы бір ерекше күн. Дәл осы күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталады. Қазақстанның әр өңірінде өзгелерге үлгі болатын, тағылымды тарихы бар отбасылар бар екеніне сенімдімін. Баршаңызды осы маңызды әрі ізгі байқауға қатысуға шақырамын. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз көпшілікке шабыт сыйлайтыны сөзсіз.

Сонымен қатар, сіздерді Отбасы күніне арналған онлайн-челленджге қатысуға шақырамын! 
#отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хештегтерімен жүрекке жылы фотоларыңызды, отбасылық тарих пен дәстүрлеріңізді бөлісіңіздер. Өнегелі өмірлер, берекелі отбасылар баршамызға үлгі!», — деп жазды ол.