"Бұрын халық кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр": Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке ұсыныс айтты

14 мамыр, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков

«Қарыз алдың – қайғы алдың» дейді қазақ. Бірақ бұл сөз бүгінгі таңда ескерілер емес. Елдің басым бөлігі қарыз қамытынан шыға алмай, несие атаулының шырмауына шырмалып қалды. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев осы өзекті мәселені көтеріп, Премьер-Министр мен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшылығына депутаттық сауал жолдады.

2025 жылдың басында қазақстандықтардың жалпы несие портфелі 24,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 22,9%-ға көп. Бірақ депутаттың айтуынша, азаматтар бұл қарызды өз еркімен емес, несие көзінше келіп тұрған заманның «олжасына» айналып алған.

«Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Телефон шалып қиылып сұрайды, жарнама жаңбырша жауады. Тіпті “сізге несие мақұлданды” деп тұратын хабарламаларға еті үйреніп кеткеніміз соншалық, дерегіміз кімнің қолында жүргенін ұмыта бастадық», – дейді Сәрсенғалиев.

Депутат жеке деректердің ашық тарап кетуі азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғанын да ашық айтты. Цифрлық даму министрлігінен бастап барлық жауапты органды сұрақтың астына алды.

«Жеке дерек, жеке құжаттар, банк картасының нөмірі, отбасы мүшелері туралы мәлімет – барлығы әр компанияның қолында жүр. Бұл кімнің жауапкершілігі? Сандық технология – халықты сан соқтыру үшін ойлап табылды ма?» – деді ол.

Сәрсенғалиевтің дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 22 900 интернет-алаяқтық факті тіркелген. Келтірілген шығын – 45,5 млрд теңге. Алайда бұл қылмыстардың 81,8%-ы «қылмыс жасаған адам анықталмауына байланысты» жабылып қалған.

«Есепшотыңды тонап кеткен банк жауапкершілік алмайды. Тергеуші таппайды. Жеке деректі кім, қашан, қалай алғаны белгісіз. Сонда қарапайым адам қайда барып, кімге жылайды?» – деді депутат.

Сонымен қатар депутат:

«Қазір халықты қарыз емес, қасірет жаулап барады. Алаяқтар мен қаржы ұйымдары жымысқы жоспарымен жұртты сан соқтырып отыр. Бұл жай ғана цифрлық дәуір емес, бұл – қауіп дәуірі», – деді Сәрсенғалиев депутаттық сауалын түйіндеп.

Тэгтер:

Үкімет алаяқтар Нартай Сәрсенғалиев халық кредит жеке дерек ұсыныс Биологиялық белсенді қоспалар