"Дәрі-дәрмек нарығының 80%-ы – шетел өнімдері": Депутат отандық өндірісті дамыту қажет екенін айтты

Бүгін, 17:09 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында еліміздің фармацевтика саласындағы алаңдатарлық ахуалға назар аударып, нақты шаралар қабылдаудың маңызын айтты.

Ол Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығының 80%-ының шетелдік өнімдерге тәуелді екенін алға тартты. Бұл жағдайдың елдің денсаулық сақтау жүйесіне төндіретін қатерін сипаттай келе, депутат:

«Импортқа осындай тәуелділік жаһандық дағдарыстар, логистикалық үзілістер және валюта ауытқуы жағдайында елеулі қауіптер тудырады», – деді.

Мақсат бар, бірақ нәтиже мардымсыз

Исабеков өз сауалында Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында берген нақты тапсырмасын еске салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 50%-ға жеткізуді міндеттеген болатын.

Сондай-ақ депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды Жол картасына да тоқталды. Онда 2023 жылы отандық дәрілер үлесін 33%-ға, ал 2024 жылы 35%-ға жеткізу межеленген.

Алайда, нақты жағдай көңіл көншітпейді. Депутаттың айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректері 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің небәрі 14,5% болғанын көрсеткен. Ал 2024 жылдың қорытындысы тіпті бұдан да төмен болуы мүмкін.

«ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығы бұл көрсеткіш биыл тек 13% деңгейінде болады деп болжауда», – деді ол.

Негізгі себептер мен кедергілер

Исабеков бұл артта қалушылықтың бірқатар себептерін атады. Олардың қатарында өндірістік қуаттың шектеулігі, импорттық шикізатқа тәуелділік, ғылыми зерттеулерге жеткіліксіз қаржы бөлінуі және жаңа препараттарды сертификаттау мен тіркеудегі қиындықтар бар.

Депутат: «Қазақстандағы 43 фармацевтикалық кәсіпорынның тек 26-сы ғана GMP халықаралық стандарттарына сай келеді», – деп атап өтті.

Бұл жағдай, оның айтуынша, қалған кәсіпорындардың шетелдік өндірушілермен бәсекеге түсу мүмкіндігін күрт төмендетеді.

Шетелдік тәжірибе – үлгі, бірақ бейімделуі тиіс

Исабеков әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтіре отырып, бұл мәселені шешудің нақты жолдары бар екенін көрсетті. Ресейде импортты алмастыру саясатының нәтижесінде отандық дәрі-дәрмек үлесі 64%-ға жетсе, Беларусьте бұл көрсеткіш 55%-ды құрап отыр. Депутат бұл үлгілерді Қазақстанға бейімдеп қолдану қажет екенін алға тартты.

Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының сайлауалды міндеттемелері халықтың өмір сапасын жақсартуға тікелей байланысты. Сондықтан ол ішкі нарықты қолжетімді бағадағы отандық өнімдермен қамту үшін нақты шешімдер қабылдануы тиіс екенін қадап айтты.

Сөз соңында Данабек Исабеков: «Мемлекет басшысының тапсырмасы мен партиямыздың сайлауалды міндеттемелерін орындауда кідіріс болмас үшін отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру бойынша көрсеткіштің орындалу барысы туралы толық ақпарат беруді сұраймыз», – деп сауалын түйіндеді.

Тэгтер:

депутат дәрі-дәрмек дамыту шетел өнімдері