Астанада вандалдарға қарсы рейд күшейді

Бүгін, 17:02 / Алуа Арман
polisia.kz

Елордада вандализм жағдайлары мен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың жолын кесу жұмысы жалғасып жатыр. Өзгенің мүлкін бүлдірген кезекті құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылдың 9 сәуірінде сағат 13:30 шамасында Республика даңғылы, 6 мекенжайында орналасқан «Есіл» сауда үйінде 28 жастағы ер адам мас күйінде бутиктің шыны витринасын кірпішпен ұрып сындырды. Құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 147-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тағы бір оқиға 6 сәуірде сағат 19:53 шамасында болды, ол кезде 35 жастағы ер адам қоғамдық орында бола тұра бейәдеп сөздер айтып, тыныштықты бұзды. Нәтижесінде оған ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл салынды.

14 сәуірде таңғы сағат 05:57 шамасында 31 жастағы азамат мас күйінде көліктің бүйірлік айнасын әдейі сындырып кеткен. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабына сәйкес жауапқа тартылды.

«Заң және тәртіп» бағдарламасын іске асыру аясында және елорда прокуратурасымен бірлесіп, полицейлер вандализммен белсенді күресіп жатыр. Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК дейін айыппұл салуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға әкеп соғады.

2025 жылдың басынан бері 80 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 54 адам қамауға алынды, 26 адамға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Елордада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген жағдайын болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.

Тэгтер:

вандализм вандал рейд