Қазақстанда жетімдер үйлеріндегі балалар саны екі есеге азайған – зерттеу

Бүгін, 11:07 / Дана Ізтілеуова
egemen.kz

2024 жылдың басындағы ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 21 387 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала тіркелген. Оның 17 660-і (82%) қазақстандық отбасылардың қамқорлығына (қамқоршылық, патронат, асырап алу және т.б.) берілген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қоғамдық саясат институты сарапшыларының мәліметінше, соңғы 10 жылда жетімдер үйлеріндегі балалар саны 9000-нан 4000-ға дейін азайған, яғни 65%-ға төмендеді. Балалар үйінің саны да едәуір қысқарды.

Алайда, жүргізіліп жатқан саясаттың оң әсеріне қарамастан, шешімін таппаған бірқатар жүйелік мәселелер бар.

Мәселен, отбасына орналастыру формаларының ішінде асырап алу үлесі әлі де өте төмен. 5 мыңнан астам азамат бала асырап алу кезегінде тұрғанымен, 2023 жылы – 194, 2024 жылы – 153 бала ғана жаңа отбасын тапқан. Бұл көбіне баланың құқықтық мәртебесінің толық реттелмеуімен, әкімшілік кедергілермен және үміткер отбасылардың көбіне сәбилерді ғана таңдауға ұмтылуымен байланысты.

Сонымен қатар, балалардың қайтарылу деңгейі кей жылдары 30%-ға жеткен. Бұл жүйелі психологиялық сүйемелдеудің және ата-аналарды даярлаудың маңызын көрсетеді.

Тағы бір өзекті түйткіл – тұрғын үйге мұқтаж кәмелет жасына толған жетімдер санының өсуі. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024 жылғы мәліметі бойынша, тұрғын үй алу кезегінде 62 480 бұрынғы тәрбиеленуші тіркелген, ал нақты пәтер алғандардың саны – 9590. Бұл көрсеткіш жылдар бойы жиналған теңгерімсіздікті айқындайды және мемлекеттік қолдау қарқынын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Осы мәселелерді жеңілдету мақсатында жаңа тетіктер енгізілуде:
 2024 жылдан бастап әрбір жетім балаға жеке қолдау көрсететін тәлімгерлік жүйесі енгізілді. Тәлімгерлер оқуға, өмірлік дағдыларға бейімдеуге және эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыруға көмектеседі. Қазірдің өзінде 17 қалада 300-ден астам тәлімгер жұмыс істеп жатыр.

 2025 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда отбасылық тәрбие берудің жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы моделі енгізіледі. Бұл жүйе жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды интернат ұйымдарына емес, арнайы дайындалған отбасыларға орналастыруға мүмкіндік береді.

Кәсіби қабылдаушы отбасыларды материалдық жағынан қолдау үшін:
әр балаға ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді;
кәсіби ата-ана (тәрбиеші) ретінде жұмыс істегені үшін 70 АЕК мөлшерінде еңбекақы беріледі.

Бұл модель Германия, Ұлыбритания, Франция сияқты елдерде кең қолданыста және интернат мекемелеріне балама ретінде табысты жұмыс істеп келеді.

Жетім балаларды қорғау бағытында «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің бақылауы мен ұсыныстары нәтижесінде де бірқатар жүйелі өзгерістер жүзеге асуда. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегін жеделдету, патронаттық тәрбиешілер мен асырап алушыларға әлеуметтік төлемдерді арттыру, сондай-ақ отбасылық тәрбие үлгілерін насихаттау бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр. Кеңес заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындап, жетім балалардың қоғамда толыққанды азамат болып қалыптасуына жағдай жасауға басымдық беруде.

Тэгтер:

жетім балалар жетімдер үйі екі есе