Астана әуежайын дамытуға 1,1 млрд доллар инвестиция тартылады

13 мамыр, 2025 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited компаниясы (Terminals holding құрамына кіреді, БАӘ) әуежайды және оған іргелес аумақты кешенді дамытуға бағытталған инвестициялық келісім жасасты. Инвестицияның жалпы құны 1,1 млрд долларды құрайды.

Келісім аясында инвестор екінші ұшу-қону жолағын, үшінші жолаушылар терминалын, сондай-ақ жүктерге арналған cargo терминалын салады. Сондай-ақ, инвестор индустриялық - логистикалық аймағы мен қонақ үйлері, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерді қамтитын көпфункционалды аэротрополис кешешін дамытуды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа, арнайы техника паркін жаңарту, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізу, әуежай қызметкерлерін кезең-кезеңімен оқытып, біліктілікті арттыру жұмыстары жоспарланды. Қызметкерлер халықаралық авиациялық талаптарға сәйкес арнайы тренингтерден өтеді.

Сонымен қатар ҚР Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар техникалық біліммен, дағдылармен және озық тәжірибе алмасуға ниетті. Жақын арада ҚР мен БАӘ арасындағы автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау мәселелерін регламенттеуге мүмкіндік беретін Үкіметаралық келісімге қол қойылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық автотасымалдау аясында 42 Үкіметаралық келісім жасасты.

Тэгтер:

Астана Әуежай инвестиция