Петропавлда 3 адамды жауыздықпен өлтірген ер адам сотталды

Бүгін, 12:57 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Петропавлда әйелі мен өгей баласын, інісін өлтіріп, кейін өртеді деп айыпталған күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта аталған іс алқабилердің қатысуымен қаралып, ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сотталушы Александр Канищев сот залында өзін видео, фотоға түсіруге рұқсат бермеді.

«1998 жылы туған, СҚО тумасы, некеде тұрмаған, орта білімі бар, әртүрлі жұмыс істеген Александр Канищев ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру және айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Бұған дейінгі ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі шектеудің орнына ол сот залында қамауға алынып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен емделеді. Бұдан бөлек Канищевтен сот сараптама шығындарын – 2 млн 748 мың теңге және зардап шегушілерге 30 АЕК немесе 118 мың теңге өтемақы өндірілсін», - деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Сот Петропавл жауыздық