Еліміздің көп өңірінде ыстық әрі құрғақ ауа райы, дегенмен астықты өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің шеткері аймақтарында жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжануда. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Құрғақшылық жағдайы Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының солтүстік аудандарында қалыптасуы мүмкін.
Жауын-шашын көбінесе батыста және солтүстік-шығыста қалыпты шекте күтіледі, ал қалған аумақта көбінесе нормадан аз болады, бұл құрғақшылық жағдайды күшейтуі мүмкін деп күтіліп отыр.
Биылғы тамыз және қыркүйек айлары егін жинау жұмыстарына қолайлы болады. Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, мол және ұзақ жауын-шашын күтілмейді, ал еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары деп болжанады.
«Жаз айларының алдын ала болжамы нақтыланып, ай сайынғы болжамдармен толықтырылады, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізіледі», — деп түсіндірді министр.