Жетісу облысында киік мүйіздерінің заңсыз саудасы тоқтатылды

Бүгін, 10:13 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жетісу облысы Текелі қаласының аумағында киік мүйіздерін заңсыз сатумен айналысты деген күдікпен Теміртау қаласының тұрғыны ұстаkды.

Subaru автокөлігін тінту барысында скотчпен оралған үш картон қорап анықталды. Қораптардың ішінен 300-ден астам киік мүйізі табылып, тәркіленді. Айғақ заттар сот сараптамасына жіберілді. Алдын ала есептеулер бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 539 миллион 667 мың теңгені құрады.

Күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, браконьерлік үшін жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға бес жылға дейін тыйым салу түріндегі қосымша жаза да қарастырылған.

Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тергеуді жалғастыруда.

Тэгтер:

Киік Жетісу облысы сауда мүйіз