«Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариевтің тағы бір былығы ашылды. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистің айтуынша, 2024 жылдың ораза айында Ілияс Сариев ауыр дертке шалдыққан Інжудің еміне халықтан қаражат жинайды. Одан бөлек блогер өзінің көлігін сатып, Інжуді емдетемін деп ата-анасына уәде берген.
«Аз уақыттың ішінде Інжудің еміне халықтан 27 миллион теңге жиналады. Ең сорақасы Сариев науқас қыздың ата-анасына тек 9 миллион теңге ғана берген. Сол ақшаға ата-ана қызын Үндістан еліне емге апарады. Алайда ол жақтан ем қонбай 10 жастағы Інжу, өкінішке қарай екі аптадан кейін туған жері Оралда қайтыс болады.
Ал 27 миллионның қалған 18 миллионына Ілияс қайғыдан қан жұтқан отбысыға Оралдан баспана әперемін деп уәде еткен. Ақыр соңында, қызын жерлеп зар жылаған ата-анаға «үй алып беремін» деген Сариевтің уәдесі орындалмаған.
Сонда 18 миллион теңге қайда? Түрмеде жатқан Ілиястан құзырлы орган бұл сұраққа жауап алады деп сенеміз», - деп жазды Руслан Өтепбай.